Байланыс саласындағы тәуекел: Депутат шетелдік спутниктерге тәуелділікті сынға алды

Депутат KazSat-3 ресурсының аяқталуы мен Starlink және OneWeb жүйелеріне тәуелділік ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін ескертті.

 ©BAQ.KZ архиві/Ерболат Бекболат Бүгiн 2026, 17:30
Бүгiн 2026, 17:30
104
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ерболат Бекболат

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Тілектес Адамбеков Премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікке қатысты тәуекелдер бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өз үндеуінде депутат «KazSat-3» жерсерігінің пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталатынын еске салып, Қазақстанның орбиталық-частоталық ресурсын сақтап қалу үшін дер кезінде шешім қабылдау қажет екенін айтты.

Оның пікірінше, Үкіметтің қазіргі тәсілінде бірқатар маңызды олқылықтар бар. Атап айтқанда, отандық жерсеріктердің орнына шетелдік Starlink пен OneWeb жүйелерін балама ретінде қолдану тәуекелдері көрсетілді.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан юрисдикциясынан тыс орналасқан шетелдік провайдерлерге байланыс инфрақұрылымын тәуелді етуге болмайды, – деді депутат.

Сонымен қатар ол жобаның экономикалық негіздемесіне сын айтты. Оның айтуынша, жаңа жерсерікте спутниктік интернетті енгізуден бас тарту тек 153 млрд теңге көлеміндегі шығынмен түсіндірілген, ал ұзақ мерзімді пайда мен шығындарға толық талдау жасалмаған.

Бұдан бөлек, Адамбеков «KazSat-3R» жерсерігін жасау конкурсына халықаралық компаниялардың қатысуына кедергілер бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, сатып алуды стандартты рәсімдер арқылы өткізу әлемдік жетекші өндірушілердің қатысуын шектеп, технологиялық тұрғыдан ескірген шешімдерге әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты депутат ғарыш саласындағы әлемдік көшбасшыларды конкурсқа қатыстыру тетіктерін қарастыруды, сондай-ақ жобаның параметрлерін ұлттық қауіпсіздік пен стратегиялық байланыс арналарының дербестігін ескере отырып қайта қарауды ұсынды.

Наверх