Байқошқарова егіз туғысы келетін әйелдің денсаулығы қандай болуы керек екенін айтты

20 Мамыр 2021, 16:09
6366
Бөлісу:
Байқошқарова егіз туғысы келетін әйелдің денсаулығы қандай болуы керек екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЭКО әдісімен дүниеге келген егіздерді көріп қызыққан оқырмандардан «Егізді болғымыз келеді» деген сұраныстар көптеп түсіп жатады.

Бұл туралы Қазақстан акушериясындағы ЭКО әдісінің негізін қалаушы және «түтіктен» шыққан бірінші қазақстандық баланың авторы Салтанат Байқошқарова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, біріншіден, ЭКО жасату үшін көрсетілім болуы тиіс.

Яғни ЭКО өздігінен балалы бола алмай жүрген немесе денсаулығында басқа да кінәрат бар жұптарға жасалады. Жәй «егізді болғым келеді» деп ЭКО жасау мүмкін емес!, - дейді ол.

Байқошқарова айтып өткендей, ЭКО әдісінде табиғи жағдайға қарағанда егіздер көбірек кездеседі. 

Бірақ алдын ала нақты егіздерді жоспарлау мүмкін емес! Жатыр қуысына 2 эмбрион салынған күнде де оның екеуі де немесе біреуі ғана бекітіліп дамуы мүмкін немесе мүлде жүктілік болмауы да мүмкін. Әсіресе көп жыл балалы бола алмай жүрген жұптың бірден егізді болғысы келетіні түсінікті жағдай. Алайда егіздерді көтеріп, ай-күніне жеткізіп босану оңай шаруа емес!, - дейді дәрігер.

ЭКО әдісінің негізін қалаушысының айтуынша, көпұрықты жүктілікті дәрігерлер қатерлі топқа жатқызады. 

Біріншіден, жүктіліктің мерзімінен бұрын үзілуіне әкелу үлкен қаупі бар. Жүктілік кезінде де болатын асқынулар көпұрықты жүктілік кезінде бірнеше есе ұлғаяды. Және көбінесе мұндай жағдайда босану үшін кесар тілігін жасауға тура келеді, - дейді Байқошқарова.

Ол бұрындары криоконсервация әдістері болмаған кезде эмбрионды жатырға салу бойынша шектеулер болмағанын айтты. 

Көбінесе қанша эмбрион алынса, соның бірі бекітілер деп бәрін салатынбыз. Қазір технологиялар дамыды. Біздің елдегі заң бойынша, жатырға 2 эмбрионнан артық салуға тыйым салынған. Мұны мамандар да құптаймыз. Дамыған мемлекеттердің көбісінде тек 1 ғана эмбрион салуға рұксат берілген. Ол өте сауатты медициналық көзқарас, - дейді ол.

Репродуктолог маман 2 эмбрионды бірден жатырға салу үшін әйелдің денсаулығы жақсы болуы және жасы жас болуы тиіс екенін атап өтті.

Әйелде бұрын кесар тілігі немесе миоманы алдырғаннан кейін жатырда тыртықтар қалған жағдайда, жасы ұлғайған жағдайда, басқа да әйелдің денсаулығына байланысты кері көрсетілімдер болса, 1 эмбрион ғана салынады. Біздің мамандардың басты мақсаты - тек жүктілікке қол жеткізу емес, онымен қоса ана мен баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу. Сол себепті дәрігеріңіздің сөзіне құлақ асқаныңыз жөн, - деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы