Түркістан облысындағы сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын.
Үкімет су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту саласында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Осы міндеттердің жүзеге асырылу барысын бақылау шеңберінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында салынып жатқан жаңа «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылыс барысымен танысты.
Сыйымдылығы 68 млн м3 болатын су қоймасы Бөген өзенінің көктемгі ағынын жинақтап, вегетациялық кезеңде қосымша су қорын пайдалануға мүмкіндік береді. Су қоймасының аумағы – 220 га, бөгеттің ұзындығы – 3,9 шақырым. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қосымша су көлемімен 9,7 мың га суармалы жер қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 86%. Құрылысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Көктемгі ағын кезеңінде жиналған су кейін ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалану үшін Бөген су қоймасына жіберіледі. Бұл су ресурстарын жыл бойы барынша біркелкі бөлуге және суға сұраныс ең жоғары кезеңде шаруаларды сумен қамту сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Суармалы егіншілік алқаптары ауқымды Түркістан облысы үшін су жинақтау инфрақұрылымын дамыту – су қауіпсіздігін нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Жаңа су қоймаларын салу тасқын және маусымдық кезеңдердегі су ағынын жинақтап, суға қажеттілік артқан кезде пайдалануға мүмкіндік береді.
Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басқа да нысандарда жалғасуда. Биыл Түркістан облысының Төле би ауданында сыйымдылығы 1,2 млн м3 болатын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталды. Ол 500 га суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған.
Бұдан бөлек, Ислам даму банкімен бірлесе үш жаңа су қоймасын – Жамбыл облысындағы «Ақмола», Қызылорда облысындағы «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысындағы «Үлкен Өзен» су қоймаларын салу жобалары жүзеге асырыла бастады. Үш жоба бойынша да конкурстық рәсімдер жүргізілуде.