Баянауыл ауданының тумасы 500 шақырым жүрігіп өтпек

9 Ақпан 2022, 08:49
2850
Бөлісу:
Баянауыл ауданының тумасы 500 шақырым жүрігіп өтпек
PHOTO

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының тұрғыны Нұрсұлтан Бірлік үстіміздегі жылдың мамыр айында 500 шақырымды қашықтықты еңсеріп, Қазақстан рекордын жаңартпақ ниетте.

30 жастағы Нұрсұлтан Бірлік – Баянауыл ауданының тумасы. Жеңіл жүгіріспен мектеп қабырғасынан бері айналысып келеді. Сол уақыттан бері облыстық және аудандық жарыстарда топ жарып жүр. Салауатты өмір салтын дәрігерлікпен ұштастыра білген. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емханада реабилитолог-дәрігер болып қызмет етеді. Негізгі жұмысы спортпен шұғылдануға кедергі емес. Жас маман бос уақытында жаттығу залынан көрініп, жеке рекордтарға қол жеткізуде. Ендігі мақсаты – 500 шақырымдық жолды еңсеру.

Баянауыл ауданының тумасы 500 шақырым жүрігіп өтпек

Ресми түрде ұйымдастырылған екі марафонға қатыстым. Бірақ, дайындық барысында 40 шақырымнан асатын қашықтықтарды жүгіріп өткенім бар. Өткен жылы 320 шақырым жүгіріп өтіп, отандық рекордты жаңарттым. Сонымен қатар Қазақстанның рекордтар кітабына ендік. Бұл белесті еңсеруге бір жыл бойы дайындалдық. Досым Олжас Кәкімжанов екеумізге бұл ультрамарафон психологиялық және физикалық жағынан қиын түсті. Екінші күнгі жүгірісте Павлодар қаласына 100 шақырым қалғанда аяғымыз шаршап, қиналып қалдық. «Айтылған сөз, атылған оқ» демекші, намысты қолдан бермей, мінездің арқасында бұл жолды да жүгіріп өттік, - дейді Нұрсұлтан Бірлік.

Әуесқой спортшылар рекордты жаңартумен қатар, жастарды ынталандыруды мақсат еткен. 

Ел ішінен әуесқой болса да, спортшы шықса, нұр үстіне нұр. Оқушылар бізге қарап, бой түзесе дейміз. Баянауыл өңірінен қазақ даласына таныс қанша арда азамат шыққан. Солардың жолын қусақ деген арман бар. Спорт, білім, ғылым, кез келген салада болсын. Енді денсаулығым жарап жатса, жаңа белестерді бағындырсам деймін, - дейді әуесқой спортшы.

Жаңа рекорд мамыр айында орнатылмақ. Жас спортшы кейін әлемдік ультрамарафондарға да қатыспақ. Нұрсұлтан Бірліктің айтуынша, атақшы марафоншы Марат Жыланбаев сияқты рекорд қойған азаматтар кемде-кем. 

Еске салсақ, былтыр Ертіс өңірі Баянауыл ауданының қос тұрғыны алыс шақырымға жүгіруден Қазақстан рекордын жаңартты. Нұрсұлтан Бірлік пен Олжас Кәкімжанов 45 сағат 10 минуттың ішінде 330 шақырымды жүгіріп өтті. Нәтижесінде Семей шаһарынан Павлодар қаласына дейінгі жолды еңсеріп, жаңа рекорд орнатты.

Өзгелердің жаңалығы