Баянауыл ауданында улы жәндіктердің бары расталды

1 Тамыз 2023, 19:00
1276
Бөлісу:
Баянауыл ауданында улы жәндіктердің бары расталды
Фото: Pavlodarnews.kz

Қарақұрт Торайғыр көлінің солтүстік аумағында пайда болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақова мәлімдеді.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ғылым және мониторинг бөлімінің мамандары Жасыбай бөлімшесінің (Торайғыр учаскесі) 6 орамында Торайғыр көлінің солтүстік тасты жағажайында қарақұрт ошағы табылды. Арнайы осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Зоология институтына хат жолданды. Зоология институтының мамандарымен бірлесіп, жергілікті жерді зерттеу жұмыстары жасалды. Зертханалық тексеріс жүргізу мақсатында қарақұрт өрмекшілерінің үлгілері алынды,– деді Динара Күншуақова.

Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта зоология институтынан хат келіп түскен. Онда олар бұл өрмекшінің қарақұрт екенін растайды. Бұл өрмекшілердің ерекшелігі өте айқын жыныстық диморфизмге ие. Яғни, аналық өрмекші аталықтардан дене өлшемдерімен айтарлықтай ерекшеленеді.

Қазіргі таңда Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері қарақұрт өрмекшілерін жою үшін олардың жұмыртқаларын жинау жұмыстарын жүргізуде.

Жәндіктердің таралуына жол бермеу мақсатында тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүруде. Елді мекенге келушілер жиналатын орындардың айналасындағы аумақты тұрмыстық және құрылыс қоқыстарынан тазарту үнемі жасалады. Себебі, қоқыс жерлері мен жем-шөп ресурстарын қамтамасыз ете отырып, қарақұрт үшін қолайлы жағдай болады. Қарақұрт оңтүстік Қазақстаннан жеміс жидек арқылы келді. Шаққан кезде сіріңке немесе ыстық құралмен күйдіру керек,– дейді Динара Күншуақова.

Қарақұрт – қауіпті жәндік. Улы өрмекші. Ұлттық парк қызметкерлері демалушылар мен жергілікті тұрғындарды табиғат аясындағы қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ, олар тасты шөгінділер мен құрылыс қоқыстарында жүрмеуді баса айта өтті.

Улы жәндік іс жүзінде Баянауыл ауданы аумағында болмаған. Бұл туралы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков айтты.

Өрмекшілерді алғаш байқаған сәтте, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Алматыдан мамандарды бірден шақырды. Олардың қарақұрт екендігі дәлелденді. Жалпы, жәндікті туристердің өздері оңтүстік аймақтардан қарбыз әкелген кезде әкелген. Кейін өрмекшілер қалып, көбейе бастаған, – деп атап өтті Еркін Арыстанбеков.

Торайғырдағы шомылу маусымы жабылуына келсек, қазіргі уақытта ұлттық парк қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Олар қарақұрттың ұялары мен жұмыртқаларын құтыға жинап жатыр. Содан кейін өртеу арқылы жоюда. Егер мамандар демалыс аймағын карантинге жабу керек десе, онда бұл мәселе қаралады. Қазір осы аумақта өрмекшінің улы түрі бар екені жайлы келушілерге арнайы ескерту кітапшалары дайындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы