Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі Баян-Өлгий аймағында Қазақстан Республикасының консулдық мекемесін ашу мәселесіне қатысты әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан пікірлерге байланысты ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Моңғолия мен Қазақстан 1992 жылдан бері дипломатиялық қарым-қатынасты табысты дамытып келеді. Екі ел арасындағы байланыстар бүгінде саяси, экономикалық, сауда, инвестиция, мәдениет және білім беру салаларын қамтиды.
Моңғолия СІМ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін еске салды. Ал биыл Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде келісімге келген.
Министрлік консулдық мекеме ашу белгілі бір өңірдің мәртебесін немесе сол аумақта тұратын азаматтардың азаматтығын өзгертуге ешқандай қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.
Консулдық мекемелер мемлекеттер арасындағы сауда, инвестиция, туризм және халықтар арасындағы байланысты дамыту мақсатында халықаралық құқық нормаларына сәйкес ашылады, – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ консулдықтарды ашу тәртібі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясымен реттелетіні, мұндай мекемелер қабылдаушы мемлекеттің келісімімен ғана құрылатыны айтылды.
Моңғолия СІМ әлемнің көптеген елде консулдықтар астанадан тыс ірі қалалар мен өңірлерде орналасатынын, бұл халықаралық дипломатиялық тәжірибеде кең таралған қалыпты құбылыс екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Моңғолияның шетелдерде 34 елшілігі, 2 тұрақты өкілдігі және 14 бас консулдығы мен консулдық мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарында Алматы қаласындағы Моңғолияның консулдық өкілдігі де бар. Ал Моңғолия аумағында 27 шетелдік елшілік, сондай-ақ Қытайдың Замын-Үүдтегі және Ресейдің Дархандағы бас консулдықтары қызмет етеді.
Министрлік Қазақстанмен достық қарым-қатынасты және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Ведомство екіжақты мәселелер дипломатиялық арналар арқылы өзара түсіністік негізінде шешілетінін жеткізді.
СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта Моңғолияның «Hunnu Air» әуе компаниясы Ұланбатыр мен Алматы арасында аптасына төрт рет, ал қазақстандық SCAT әуе компаниясы Астана мен Ұланбатыр арасында аптасына екі рет тікелей рейс орындайды. Сонымен қатар Баян-Өлгий – Өскемен бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Моңғолияның шекара қызметінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы Моңғолияға Қазақстанның 24 395 азаматы барған. Ал Қазақстанға 23 849 Моңғолия азаматы сапарлаған.