Бауыржан Жақып: Ең басты құндылығымыз – бейбіт өмір

10 Қаңтар 2022, 14:05
2875
Бөлісу:
Бауыржан Жақып: Ең басты құндылығымыз – бейбіт өмір

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматының тұрғындары мұндай басбұзарлыққа, қанішерлікке барады деп ойламаймын. Мұндай пікірді ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақып айтты. 

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Жаңаөзенде болған бейбіт шеру дәл осындай тәуелсіздігімізге жасалған шабуылға ұласып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Әсіресе, Алматыдағы жағдай бүкіл елді дүр сілкіндірді, бәріміздің жанымызды түршіктірді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы күнге дейін үш үндеу айтты, соларға сүйенер болсақ, сыртқы күштер, ішкі күштер арнайы дайындаған, жоспарланған бүлік болып отыр. Мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Халық бейбіт шеруде өз ой-пікірін білдіргісі келді. Алматының тұрғындары мұндай басбұзарлыққа, қанішерлікке барады деп ойламаймын. Бұл арнайы дайындықтан өткен, бұрын сондай елдің арасындағы кикілжіңдерге қатысқан лаңкестердің ісі екендігі қазір айқындалып отыр. Президенттің соңғы үндеуінде айтылғандай, қазір Алматыдағы жағдай тұрақталды. Дегенмен, халықты сабырға шақыруымыз керек, - деді ақын. 

Бауыржан Жақып өз сөзінде халықты Мемлекет басшысына қолдау білдіруге шақырды. 

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының антитеррорлық күші шақырылды. Олар еліміздегі стратегиялық маңызы бар объектілерді басбұзарлардан қорғауда.  Сондықтан алаңдайтын ештеңе жоқ. Халық болып сайлаған Президентіміздің қабылдаған шешімдері дұрыс, оны барлығымыз қолдауымыз керек. Сабырға келіп, өз төңірегімізді түгендеп отыратын болсақ, жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Ең басты құндылығымыз – бейбіт өмір мен еліміздің тәуелсіздігі. Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп қорытындылады сөзін ол. 

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы