«Батыс» өңірлік қолбасшылығында сарбаздар әскери ант берді
PHOTO
28 Мамыр, 18:15 558

«Батыс» өңірлік қолбасшылығында сарбаздар әскери ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Бейнеу гарнизондарында осы жылдың көктемінде Қарулы күштер қатарына шақырылған 500-ден астам әскери қызметші Отан алдындағы борышына адал болуға салтанатты түрде ант берді. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас жауынгерлерді құттықтауға туыстары мен жақындары келді. Құрметті қонақтар ретінде ант беру рәсіміне мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері шақырылды. Соңғы екі жылда санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты мұндай ауқымды шаралар жүргізілмегенін атап өткен жөн.

Біз ұлымыздың ант қабылдау рәсіміне Шымкенттен арнайы келдік. Бір айдың ішінде шынығып, шымыр болғанын көрудің өзі бір ғанибет. Теңіз жаяу әскерінің құрамасында қызмет ету бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Біз ұлымыздың  теңіз жаяу әскерінде қызмет ету үшін біліктілік талаптарына сәйкес келетін бірнеше таңдаулы жігіттердің қатарында болғанын мақтан тұтамыз, - деді Дильшад Мирполатовтың әкесі Махмуддулла Бекенов. 

Саптық алаңда ант сөздері нақты және анық естіліп жатты. Кеудесіне автомат асынған әр сарбаз тәуелсіздік пен аумақтың тұтастық жолында Отан қорғаудың жауапты қызмет екенін түсінеді.

Әскери бөлімдердің басшылығы сарбаздардың туыстары мен жақындары үшін әскери бөлімге, казармалар мен оқу сыныптарына экскурсия ұйымдастырды. Оларға бір жыл бойы сарбаздар үйренетін, жаттығатын орындар және тұратын жерлері,  қару-жарақ пен әскери техника көрсетілді.

Шара соңы жас сарбаздардың көрсетілім сабақтарымен аяқталды. Бір ай ішінде олар қарумен саптық дайындықты, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгерді және өз шеберліктерін келген қонақтарға мақтанышпен көрсетті.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...