Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына орай өтетін концерттің орны ауысты

19 Мамыр 2022, 16:15
1426
Бөлісу:
Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына орай өтетін концерттің орны ауысты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 20 мамырда әнші Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына арналған «BATYR.GÜL ALMATY» концерті өтеді.

Әншінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған концерт бастапқыда Республика сарайы жанындағы Абай алаңында өтеді деп жоспарланған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты концерт Республика сарайында өтетін болды.

«Батырхан Шүкенов атындағы Қор» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Шүкенов Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте концерттің ұйымдастыру жұмыстары жайлы баяндады.

Концерт ертең сағат 19.30 өтеді, яғни уақыты өзгермеді. Бірақ, концерттің өзі Ресбулика сарайының көрермен залында және Абай алаңында болады. Яғни, сарайға кіре алмағандар концертті Абай алаңындағы үлкен экраннан тамашалай алады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты осындай шешімге келдік, – деді ол.  

Бауыржан Шүкенов сондай-ақ концертке 150-ден астам өнер адамы қатысатынын айта келе, бұл істі өткізуге қолдау білдірген қала әкімдігіне алғыс айтты.

ҚР Халық әртісі әрі ертең өтетін концерттің көркемдік жетекшісі Жәния Әубәкірова әнші Батырхан Шүкенов өмірден өткенімен оның әндері шығармашылық адамдары мен халықты әлі де шабыттандырып келе жатқанын айтты.

Батырдың шығармашылығы мен адамгершілігі бізді біріктіріп, оның әндерін ерекше ыждахаттықпен орындауға әкеледі. Батыр бұған дейін тобының симфониялық аркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетсе, енді бұл жолға ҚР Мемлекеттік симфониялық аркестрі түсіп отыр. Яғни, оның әндері осы жолы басқа деңгейде орындалады. Батырдың мұралары енді кеңінен таралып жатқандай. Концертке классикалық музыка, жекелей топтар мен эстрадалық әншілер өнер көрсетеді, – деді Жәния Әубәкірова.

Өзгелердің жаңалығы