Қазақстандық әлеуметтік желілерде Kaspi.kz банкінің қызметіне қатысты кезекті шағым қызу талқыланып жатыр. Threads платформасының қолданушысы жалақысы мен досынан қарызы түскеннен кейін банктің оның шотын бұғаттап тастағанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желі қолданушысының айтуынша, оның картасына 600 мың теңге көлемінде жалақы және досы қайтарған 700 мың теңге түскен. Осы операциялардан кейін банк шотқа толықтай шектеу қойған.
«Адамды бір ай ақшасыз қалдыруы мүмкін»
Мақала авторы шотында заңды түрде тапқан 1 250 000 теңгесі бола тұра, өз қаражатын пайдалана алмай отырғанына қатты налыған.
Бұл – банк тарапынан жасалған нағыз бассыздық. Олардың бұлай істеуге қандай құқығы бар? Ең сорақысы – банктің тексерісті 15 жұмыс күніне, тіпті одан да ұзақ мерзімге созып қоюға билігі жетеді. Олар бұл ақшаның адамға бір ай бойы өмір сүру үшін керек екенін ойламайды, – деп жазды автор.
Пост желіде тез тарап, мыңдаған реакция мен жүздеген репост жинады. Автор бұл мәселені барынша таратуды сұрап, қоғамдық резонанссыз банктен жауап алу қиын екенін алға тартты. Осы жазбаның астына Kaspi-дің өзге де клиенттері дәл осындай жағдайға тап болғандарын айтып, ұқсас шағымдарын қалдыра бастады.
Банк не дейді?
Тұрғындардың жаппай наразылығына қатысты Kaspi.kz өкілдері ресми жауап берді. Банк тарапынан қойылатын шектеулер өз бетінше жасалмайтынын, бәрі заң аясында жүретінін мәлімдеді. Оған сәйкес шектеулер тек Қазақстан Республикасының заңнамасы мен қызмет көрсету шарттары аясында ғана қолданылады.
Ондағы мақсат – күдікті транзакцияларды тексеру (қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл заңнамасы). Тексеріс кезінде клиенттердің қаражаты банк ішінде толық қауіпсіздікте сақталады.
Оқырманды мазалаған сұрақ
Банктің бұл уәждеріне қарамастан, желідегі наразылық бәсеңдейтін емес. Қарапайым қолданушылар: «Неліктен күнделікті заңды операциялар – жалақы, жеке тұлғалар арасындағы аударымдар немесе қарыз қайтару жүйе тарапынан «күдікті» деп танылып, ақшаның белгісіз мерзімге бұғатталуына әкеп соғады?» деген сұрақты белсенді қойып жатыр.
Мамандардың айтуынша, ірі көлемдегі аударымдар жиілегенде немесе банктің ішкі қауіпсіздік алгоритмдері (комплаенс-бақылау) іске қосылғанда шот автоматты түрде бұғатталуы мүмкін. Алайда бұл процестің ашықтығы мен тексеріс мерзімінің ұзақтығы клиенттер үшін үлкен қолайсыздық тудырып отыр.