Жұмыстан кейін ноутбукты өшіріп, хаттарға жауап бермейтін адамдарды басшылар жиі "іске бейжай қарайды" деп қабылдайды. Бұл олардың қызметте өсуіне кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс уақытынан кейін тынығуға тырысатын, демалыста іссапарды емес, шынайы демалысты қалайтын қызметкерлер басшылардың көзіне сенімсіз көрінеді. Мұндай тұжырымды Organizational Behavior and Human Decision Processes журналында жарияланған зерттеу нәтижесі көрсетті.
Зерттеуге қатысқан менеджерлердің өзі қызметкердің жұмыстан кейінгі "өзімен-өзі қалуын" – мысалы, демалыс кезінде хатқа жауап бермеуін, телефон сөндіруін – дұрыс деп есептегенімен, шын мәнінде мұндай адамдарды мансапқа ұмтылысы аз, адалдығы төмен деп қабылдауға бейім.
Яғни басшылар өздері мойындамаса да, жұмыстан толық ажырайтындарды қызметте жоғарылатуға асықпайды. Бұл – бейсаналы бағалау, – дейді зерттеу авторлары.
Мамандар 16 түрлі тәжірибе жүргізіп, түрлі салалардағы қызметкерлер мен басшылардың пікірін зерттеген. Нәтиже бірдей: тіпті өнімділігі жоғары қызметкер болса да, егер ол "үнемі онлайн болмаса", оның өсу мүмкіндігі төмендейді.
Не істеу керек?
Бірақ мамандар бұл кедергіні айналып өтудің жолы бар екенін айтады:
Егер қызметкер неліктен уақытша қолжетімсіз екенін кәсіби түрде түсіндірсе, мысалы, оқуға немесе семинарға кеткенін айтса – басшының көзқарасы өзгереді.
Екінші жол – компанияда ресми ереже енгізу: демалыс кезінде хат жолдауға немесе қоңырау шалуға тыйым салу. Бұл қызметкерлерге тынығып, күйіп кетпеудің (эмоционалдық күйзеліс) алдын алуға көмектеседі.