Басқа тілдің жетегінде кетпеу керек - Назым Мақсатқызы

19 Ақпан 2024, 11:08
2914
Бөлісу:
Басқа тілдің жетегінде кетпеу керек - Назым Мақсатқызы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сонау өткен ғасырлардан қазақтың көзі ашық, білімді деген азаматтары өзге тілдің жетегінде кетпеген. Міне біз де осыны баланың санасына құя білу керекпіз. Ол қалай жүзеге аспақ? Бұл туралы Астанадағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Назым Мақсатқызы сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Назым Мақсатқызы, 34 жылдық ұстаздық тәжірибеңіз бар білікті мамансыз. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі болып, аймақта да, астанада да сабақ бердіңіз. Жалпы тілге деген құрметтің негізі қайдан басталады?

Иә, жалпы мұғалімдік мамандыққа кездейсоқ келмедім. Адамның өмірлік көзқарасы мен ұстанымы өскен ортасы мен ұшқан ұясынан бастау алары сөзсіз. Оған басты себеп-отбасым және анам. Өзімнің анам да көп жылдар ұлағатты ұстаз болған жан. Одан кейінгі мен үшін тағы бір басты нәрсе-тұрақтылық. Институтты бітірген бетте Семей қаласындағы тұңғыш қазақ мектептерінің бірі №42 орта мектепке жас маман болып жұмысқа тұрдым. Сол мектепте ширек ғасырға жуық еңбек ете жүріп, он жылға жуық директордың оқу-әдістеме ісі жөніндегі және оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім. 2019 жылы Астана қаласына қоныс аударып, Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде биыл бесінші жыл қызмет етудемін.

Соңғы сауалыңызға келсек, тілге деген құрмет әр қазақтың бойынан табылар қасиет. Әр нәрсе өзінің ұлттық негізіне, түп тамырына тартары сөзсіз. Ол дегеніңіз-ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз, тарихымыз, діліміз бен мәдениетіміз. Осындай керемет құндылықтарымыздың уызына жарып, соны бойына сіңіріп өскен жеткіншектің өз ана тіліне деген құрметі артпаса, кемімейтіні анық. 

Қазіргі балалардың тілі екі емес үш тілді. Ағылшын тіліне деген құрмет кейде ана тілінен де асып кетіп жатады. Мұндайда баланың тілге деген құштарлығын арттыру үшін қандай әдістемелерді қолданасыздар?

ХХІ ғасыр білімділердің ғасыры деп айтып жатамыз. Соған сай қазіргі балалардың көп тіл білгені жақсы. Сонау өткен ғасырлардан қазақтың көзі ашық, білімді деген азаматтарының бәрі бірнеше тілді меңгерген. Бірақ олар бір нәрсені ұмытпаған, яғни ұлтқа қызмет етуде басқа тілдің жетегінде кетпеген. Міне біз де осыны баланың санасына құя білу керекпіз. Ол қалай жүзеге аспақ? Ол әрине отбасы, балабақша, мектептен бастау алары сөзсіз. Осы ретте мені қуантатын бір жайт бар. Қазір кейбір мектептерде “Құндылықтырға негізделген білім беру” жобасы қолға алынуда. Бұл-дәл қазір бізге керекті жоба. Егер осы жобаны балабақша, бастауыш білім беруден бастап оқу бағдарламаларына енгізер болсақ, ұтарымыз көп болар еді. Өзім үнемі айтып жүретін “Құндылық бастауы - қазақ тілі мен әдебиетте” деген сөзім бар. Өзінің ана тілі мен әдебиетін сүйе білген бала 10 тіл білсе де, ана тіліне деген құштарлығын жоғалтпасы анық. Бұл ретте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің иығында жауапкершілігі мол ауыр жүк тұр. Себебі, баланың тілге деген құштарлығын оятудың бір тетігі біздің еншімізде. Мысалы, өзім көркем шығарманы өту барысында оның тіліне талдауда баланың шығармашылықпен жұмыс жасауына басымырақ көңіл бөлуге тырысамын. Ол дәлел ретінде “Көркем шығарманың айшықтарын таныту” атты әдістемелік жинағым жарыққа шыққан. Аталмыш еңбек былтыр Астана мектептеріне озық тәжірибе ретінде таратылды.

Басқа тілдің жетегінде кетпеу керек - Назым Мақсатқызы

Жалпы қазіргі оқушылар мектеп бағдарламасынан тыс әдеби кітаптар оқи ма?

Осы мәселемен үш жылдан бері айналысып жүрмін. Егер тиянақтап, уақыт арнасаңыз, оқытуға әбден болады. Мысалы, бір көркем шығарманы сынппен оқу керек болса не істейміз? Алдымен балалардан “Сынып болып қандай кітап оқығанымызды дұрыс?” деп ой тастау арқылы сұрап-білу және сол айтқан кітаптың сыныпта қанша оқушы болса, соншасының қолында болуын қамтамасыз ету. Екіншіден, оқып бітіретін уақытты нақты межелеп белгілеу. Үшіншіден, оқыған кітапты талдайтын жайлы аудитория әзірлеу. Төртіншіден, әр түрлі нұсқада сұрақ-жауап, презентация дайындау. Соңында ынталандару үшін жүлделі орындар тағайындап, сыйлық беріп, марапаттау. Егер әр сынып жетекшісі осындай жұмыс жасар болса, кітап оқымайтын бала болмайды екен. Оның нәтижесі де жаман емес. Мысалы, мектеп бойынша “8 минуттық оқу” жобасы аясында көркем шығарма оқудан үздік сынып атандық. Түйгенім, “Қазіргі балалар кітап оқымайды” деп жар салғаннан көрі, сол балаға кітап оқитын ахуал тудыра білген жөн-ау, негізі?!

Мектеп бітіруші оқушыларыңыз арасында ҰБТ-да гуманитарлық пәндерді таңдайтын балалар көп пе? Оларға әдетте қандай қолдау жасайсыздар?

Әзірге орта буындарға ғана сабақ беретіндіктен, ҰБТ -дан көрсеткіш көрсету алдағы жылдардың еншісінде болмақ. Ал қазіргі сабақ беретін 8-сыныптардың ішінде гуманитарлық пәндерді таңдаймын деген оқушылар жетерлік. Көбі журналистика саласын таңдап отыр. Қазірден ондай оқушыларды пәндік олимпиалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, түрлі оқулар мен сайыстарға үкілеп қатыстырудамын. Нәтижесі де жаман емес, әр жүлдегер оқушының артында ұстаз еңбегі тұрары анық. Осы ретте сыныбымның жалпы білім сапасын айта кеткенді жөн санадым. Биылғы екінші тоқсанының қорытындысы бойынша сыныбымның білім сапасы 88,90% -ды құрады. Ол дегеніңіз, мектеп бойынша 8-11 сыныптар арасында 1-ші орында тұрмыз. Бұл жерде жалғыз менің ғана емес, барлық сабақ беретін пән мұғалімдерінің еңбегі тұрғаны сөзсіз.

Басқа тілдің жетегінде кетпеу керек - Назым Мақсатқызы

Қазір астаналық көп мектептерде ұлттық күн бар. Балалар ұлттық киімнің бір атрибутикасын киіп келіп, ерекшеленеді. Сол туралы да айта кетсеңіз?

Бұл бастаманы сыныбымызбен жасап жүгенімізге биыл екінші жыл. Біздің сынып үшін бұл жаңалық болмады. Бірақ осы ретте айтарым, сыртқы атрибутымызбен ішкі атрибутымыз үйлесім тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір игі іс бір-бірімен сабақтасып жатқаны жақсы ғой. Жаңа екінші жыл деп отырғаным, сыныбымда аптаның әр күні өзінің ерекшелігімен дәріптеледі. Мысалы, дүйсенбі күні бірінші сабақта мектеп бойынша жаппай сынып сағаты өтеді. “Ұл бала - ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат” десек, сол сынып сағатының алдында ұл баланың бата беруі жақсы үрдіске айналған. Ол күнді “Апта басы-ақ батамен!” деп атадық. Сейсенбі күнін “Менің ұялы телефонсыз бір күнім!” деп атасақ, сәрсенбінің сәтті күнін “Жақсы сөз-жарым ырыс” деп алып, сол күні ватсап тобымызда сыныптас достар бір-біріне тамаша тілек, алғыстары мен жылы лебіздерін жазбаша қалдырады. Бейсенбі күнін “Кітап оқы-ой бөліс!” деп атадық. Оқып жатқан кітабымыздан ерекше ой тудырған цитата немесе мақал-мәтелдерді ватсап тобымызда бөлісеміз. Мысалы, қазір Оралхан Бөкейдің “Кербұғы” шығармалар жинағын оқып жатырмыз. Аптаның төресі жұма күнінде “Qazaq Style” деп атап, ұлттық киіммен жүреміз. Қоңырауда домбырамен күмбірлете күй тартып, сынып іші мәре-сәре болып жатады. Мұның бәрі қазіргі күрмеуге келмейтін жылдам өтіп жатқан уақытты тиімді пайдалануға бағытталған десе де болады. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында сынып деген ұжыммен өзара қарым-қатыныстың ыстық, әдемі көрінісін қалыптастыру, тұлғаның адами болмысын қалыптастыру.

Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы