Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы вакцина алғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты

7 Сәуір 2021, 10:16
1975
Бөлісу:
Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы вакцина алғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Ең алдымен екпені COVID-19-бен алғы шепте күресіп жүрген медицина қызметкерлері ала бастады. Енді медқызметкерлерден бөлек, қарапайым халық та вакцинациялануда. Осы ретте Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов вакцинадан кейінгі денсаулығы туралы айтып берді.

Мен 29 наурызда вакцина салдырттым. Бүгін шамамен 8 күндей уақыт болды. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Вакцинаны салдырған кезде дәрігерлер ең алдымен үш күн бойы екпе салған жерге су тигізуге болмайтыны туралы, одан бөлек дене қызуы көтерілуі мүмкін екенін ескертті. Алайда вакцинаның осындай белгілерін сезіндім. Дүйсенбі-сәрсенбі күндері дене қызуы болды. Кейін дәрігер кеңес бергендей, парацетамол дәрісін іштім, - дейді журналист.

Әлібек Әбділов 3 күннен кейін ешқандай да кері әсерін сезбеген.

Қазір жағдайым жақсы, ойдағыдай, - деді ол.

Журналист өз сөзінде вакцинаны қай жерде салдырғанын айтты.

Вакцинаны Мемлекеттік кірістер комитетіндегі медициналық пунктке барып салдырдым. Мен салдырған вакцина - Sputnik V, ол Қарағандыда ресейлік сертификат бойынша өндірілген вакцина. Осы вакцинаның бірінші компонентін салдырдым, енді екіншісін 19 сәуір күні аламын. Соған дейін өзімді күтіп, уақытылы тамақтанып, суық тигізіп алмас үшін барлық жағдайды жасауым қажет, - деп бөлісті ол.

Баспасөз хатшысы өткен жазда ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткенімен, коронавируспен ауырған болуым мүмкін деген пікір білдірді.

Коронавируспен былтыр маусым айында ауырдым. Себебі дәм, иіс сезу қабілетім уақытша жоғалды. Бір күн дене қызуым жоғарылады. Дегенмен тапсырған барлық ПТР сараптамам теріс көрсеткішпен, коронавирус жоқ екенін көрсетті. Әйтсе де, менің ойымша, коронавирустың жеңіл түрімен ауырған болуым мүмкін, - деп атап өтті Әбділов.

Оның сөзінше, енді коронавирус өмір бойы өмірімізде болады. Сондықтан вакцина алып, вирустан қорғанғанымыз абзал.

Енді коронавирус біздің өмірімізде болады. Ешқайда кетпейді. Яғни ол 1-2 жыл болып, одан кейін жоқ болып кететін вирус емес. Сондықтан міндетті түрде вакцина салдыру қажет. Меніңше, ол міндетті болуы керек. Өйткені бұл алдағы уақытта болашағымызға септігін тигізіп, адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесе алатын емнің түрі. Себебі вакцинацияны бүкіл әлем дәлелдеп отыр. Мысалы, бұған дейін де қаншама адам, бала қызылша, басқа да аурулардын қайтыс болып кетті. Сол себепті осы аурулардың алдын алу үшін адам дүниеге келе салысымен міндетті вакцина салынып келеді. Сол сияқты коронавирусқа қарсы вакцинаны алып, өз өмірімізді қорғамасақ, басқа жолы жоқ. Сондықтан одан шошып, қашудың қажеті жоқ, - деп есептейді журналист.

Мысалы, бұған дейін қаншама азаматымыз вакцина салдырудан қорқып еді, енді қазіргі таңда статистикалық деректерге сәйкес, еліміздің 25% халқы вакцина салдыруға дайын.

Алдағы уақытта ақпараттық жұмыс дұрыс жасалып, дер кезінде түсінікті жеткізілсе, онда қазақстандықтардың басым көпшілігі мұны түсінеді. Сол себепті менің ойымша, алдағы уақытта коронавирустың толқыны жойылып, қалыпты, бұрынғыдай өмірімізге ораламыз. Өз өмірімізді қорғаудың бірден-бір жолы осы вакцинация деп есептеймін. Сондықтан медициналық пунктерге барып, дәрігерлермен кеңесіп, вакцинаны алыңыздар, - деп айтты ол.

Әлібек Әбділов атап өткендей, бүгінгі таңда әлемнің барлық медицина саласының мамандары вакцинацияның оң әсерін мойындап отыр.

Өзгелердің жаңалығы