"Баспанасы болғанын армандайды". Мұқаев азаматтарға жеңілдік жасауды ұсынды

27 Маусым 2023, 11:55
943
Бөлісу:
"Баспанасы болғанын армандайды". Мұқаев азаматтарға жеңілдік жасауды ұсынды
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Депутат Дәулет Мұқаев еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның келтірген дерегінше, елімізде ерекше қажеттіліктері бар 711 мыңнан астам азамат бар. Олардың өмір сүру сапасын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және негізгі міндеті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 711 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың 420 мыңы – еңбекке қабілетті азаматтарды құраса (58%), 187,5 мыңы – зейнеткерлік жаста (26,3%) және 104,3 мыңы - 18 жасқа дейінгі балалар (14,6%). Бұл азаматтарға мемлекет тарапынан қажетті деңгейде қолдау көрсетілмей келеді. Ашығын айтқанда жеке баспанасын аңсап жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жетерлік, - деді депутат.

Мұқаевтың айтуына қарағанда, мемлекет баспана алуға арналған арнайы бағдарламалар қабылдағанымен іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімсіз болып отыр.

Негізгі мәселе мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылмауы, сәйкесінше екінші деңгейлі банкте төлем қабілеттілігін растай алмауы. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана ипотекасын рәсімдеуге қол байлау болып отыр. Олар да өз басында жеке баспанасы болғанын армандайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылардың жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ. Бірақ қол қусырып отырған ешкім жоқ. Олардың басым бөлігі үйден болса да жұмыс істеп нәпәқасын тауып отыр. Еліміздегі әрбір бесінші мүмкіндігі шектеулі жан ресми түрде жұмыс істейді. Бірақ көбі зейнетақы аударымдарын аудара алмайды. Одан бөлек екінші деңгейлі банктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тәуекелі жоғары топ ретінде қарайды. Мұндай өрескел қателіктерге жол бермеу керек, - деп айтты депутат.

Депутат Мұқаев бірнеше ұсынысын айтты.

Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік бағдарлама талаптарын қайта қарау қажет. Яғни ипотека рәсімдеуде жеңілдетілген ұсынымдар енгізілуі керек. Табыс көзін растағанда зейнетақы аударымдары емес, екінші деңгейлі банктердегі соңғы 6 айдағы түсімдердің жиынтығын көрсетсе жеткілікті деп санаймын. Екіншіден, екінші деңгейлі банктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға тәуекелі жоғары топ ретінде қарамау мәселесіне ерекше назар аудару қажетт. Инклюзивті қоғам құруда бұл өзекті мәселе болып қала бермек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндіктер сыйлау сіз бен біздің басты міндетіміз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы