Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды

25 Наурыз 2022, 21:07
3156
Бөлісу:
Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Башқұртстан Республикасы Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында «Ұлы дала: Кеңістік. Уақыт. Мәдениет» көрмесі ашылды. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Көрме Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыруды мақсат тұтқан. Көрмеде еліміздің символы саналатын «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды. 

Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын бастаған еді. Ауқымды шара шеңберінде Еуропа мен Азия жетекші музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өткен болатын. 

Қазақ халқында «Өнерде жоқ шекара», – деген қанатты сөз бар. Өнер мен мәдениет ықылым замандардан бері ел мен елдің арасын жақындастыруға қызмет жасап келеді. Қазақстан мен Башқұртстан мемлекеттері осы игі дәстүрді жалғастырып, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Көрермендерге Ұлы даланың жауһарларынан сыр шертетін көрме ерекше әсер қалдырады деген ойдамын, - деді Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиналған қауым Башқұртстан Республикасы Ұлттық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақсүйек сақ жауынгерімен  бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалады.     

Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды

Сонымен қатар көрмеде Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.  

Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды

Аталмыш көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 125 зат ұсынылды.  Көрме 29 мамырға дейін жалғасады. 

Башқұрстанда еліміздің Ұлттық музей жәдігерлері қойылған көрме ашылды
Өзгелердің жаңалығы