Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көрмеге Нұрлан Батпенов тұтынған 60-тан аса бұйым қойылған.
Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Батпеновты еске алуға арналған көрме өтті. Көрмеге оның тұтынған 60-тан аса бұйымы қойылған. Олардың арасында түрлі марапаттары, фотосуреттері мен өзге де естелік заттары бар. Сондай-ақ, көрмеден Нұрлан Жұмағұлұлының еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы кеңінен мағлұмат берілетін дүниелерді табасыз.Шарада сөз алған медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болат Қазымбет Нұрлан Батпеновтың қазақ медицинасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтады.
Ол - еліміздегі жоқтан бар жасап, үлкен институт құрған, медицинаның дамуына үлкен үлес қосқан санаулы тұлғалардың бірі. Хәкім Абай айтып кеткен: адамның үш асыл қасиеті; ыстық қайраты, нұрлы ақылы, жылы жүрегі мол дарыған азамат еді. Ешқашан ешкімнің көңілін қалдырмайтын адам болатын. Кабинетінен кісі үзілмейтін, ұялы телефоны бір тыным таппайтын, әрбір адамның көңілін тауып, көмегін аямайтын еді, - деп еске алды ол.Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Нұрлан Жұмағұлұлының Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де абыройлы маман болғанын айтты.
Ол кісінің елімізде ғана емес, дүниежүзіндегі хирургия-травматология саласында жасаған еңбектері мол. Нұрлан Жұмағұлұлының өнегелі еңбек жолын ізін басқан шәкірттері жалғастырады деген сенімдемін, - деді ол.Нұрлан Батпенов - 1949 жылы 29 тамызда Ақмола облысы Сандықтау ауданы Балкашино ауылында дүниеге келген.
1972 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген жас дәрігер еңбек жолын Целиноград қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың травматолог-ортопедия бөлімінің дәрігер-ординаторы болып бастайды. Ол қарапайым ассистенттен проректорға және травматология, ортопедия және әскери-далалық хирургия кафедрасының меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті. Ғылыми қызметпен қатар, дәрігер ірі буындардың артроздарын емдеу және диагностикалау саласында бірнеше маңызды практикалық бастаманы енгізді.
1994 жылы Солтүстік Қазақстанда тізе буынына артроскопиялық зерттеуді енгізіп, 1996 жылы Қазақстанда алғаш рет неміс және швейцариялық протездермен жамбас буынын эндо-протездеу әдісін қолданды. Ол Қазақстанда Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын құру идеясына атсалысып, оны 2001 жылы толығымен жүзеге асыруға көмектесті. Sicot және EFORT ортопедтер-травматологтардың халықаралық және еуропалық ассоциациясының мүшесі бола отырып, емдеудің жаңа тиімді әдістерін іздеуде Нұрлан Жұмағұлұлы таяу және алыс шетелдердің жетекші клиникаларымен ғылыми және шығармашылық ынтымақтастықты дамыта отырып, шетелдік ғалымдар мен мамандарды тартады. Соның арқасында Германия, АҚШ, Австрия, Бельгия, Польша, Түркия, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғалым-дәрігерлерімен және клиникаларымен тығыз байланыс орнатылды.
Бар ғұмырын медицина саласына арнап, саланың дамуына зор үлес қосқан қайраткер 2020 жылдың 15 шілдесінде 71 жасында мезгілсіз дүниеден өтті.