Бас қолбасшылықта Жолдау бойынша түсіндірме жұмыстары өтті

6 Қыркүйек 2022, 12:18
1713
Бөлісу:
Бас қолбасшылықта Жолдау бойынша түсіндірме жұмыстары өтті

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында  Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың төрағалығымен селекторлық жиналыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған шараға Бас қолбасшылықтың басшылық құрамынан бөлек, бейне-байланыс арқылы өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан Академиясының бастығы және тікелей бағынысты әскери бөлімдердің командирлері қатысты, 

Жиын барысында әскердің қызметтік-жауынгерлік әрекетімен бірге,   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты  Жолдауы талқыланды.  Әскердің Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов жиналысқа қатысушыларға Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді. 

Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарының ажырамас күш құрылымы ретінде үнемі жеке азаматты, қоғам мен мемлекетті қылмыстық және басқа да заңға қайшы әрекеттерден қорғауды жүзеге асырады. Заңға сәйкес  азаматтардың және мемлекеттің құқықтары мен бостандықтарының күзетінде тұрады.  Жолдауда құқық қорғау органдарын реформалау туралы айтылған ұсыныстардың барлығын біз Мемлекет басшысының алдымызға қойған тікелей тапсырмасы ретінде қарастырамыз. «Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы есімізге салды. Ұлттық ұлан – құқықтық тәртіп әскері болғандықтан, ешқандай арандатушылыққа, ешкімге қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, мемлекеттің тұғырын шайқауға жол бермеуі тиіс, - деді генерал-майор Еркін Ботақанов.

Адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстарға қатысты жазаның қайтаятындығы, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екені айтылды. Сонымен қатар, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою керек екені сөз етілді. Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеу, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу тақырыбы да қалыс қалмады. 

Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов қаңтар оқиғасында арандап қалған қатысушыларға бір реттік рақымшылық жарияланғанын айтты. Өйткені, қаңтар оқиғасы кезінде ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Осы арқылы Президент «Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан» ұстанымын, қоғамның, жоғары мемлекеттік биліктің демократиялық құндылықтарға бет бұрғанын  сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дәлелдеп берді. 

Мемлеке басшысы бүкіл құқық қорғау жүйесін реформалау туралы анық айтты. Бұл – тек Ішкі істер органдарына ғана емес, Сот жүйесі және барлық күш-құрылымдарға қатысты. ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы!» деді Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы. Ұлттық ұлан әскері де Жолдауда көрсетілген ұсыныстарды толықтай қолдайды және осыған дейін Мемлекет пен Ішкі істер министрлігінің басшылығы тарапынан Ұлттық ұланды сандық және сапалық тұрғыдан нығайту бойынша қойылған тапсырмаларды орындауын әрі қарай жалғастыратын болады, - деді Бас қолбасшы. 

Өзгелердің жаңалығы