Бас прокуратура сайлау қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады

Бас прокуратура үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңді еске салып, заң талаптарын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшерін жариялады.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 27 Қараша 2026, 10:44
27 Қараша 2026, 10:44
196
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Бас прокуратура қазақстандықтарға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алдағы сайлауына байланысты түсіндіру жасады. Бұл туралы  Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің айтуынша, прокуратура органдары 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жүргізіп жатыр.

Сайлау кезінде не істеуге болады, неге тыйым салынады?

Бас прокуратураның мәліметінше, қазірдің өзінде сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт ұйымдастырумен байланысты. Заңбұзушылыққа жол бергендердің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес, сайлауалды үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де аяқталады. Яғни сайлауалды үгіт жүргізу 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00-де тоқтатылуға тиіс. Дауыс беру күні мен оның алдындағы күні, яғни 28 және 29 қарашада кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынады.

Бұған дейін сайлау комиссиялары мен дауыс беру үй-жайларынан тыс жерлерде орналастырылған баспа үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Интернетте бұған дейін жарияланған үгіт материалдары да сол күйінде сақтала алады.

Алайда бұрын орналастырылған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты беттеріне қайта шығаруға болмайды. Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны таратуға тыйым салынады.

Заң бұзғандарға қандай айыппұл салынады?

Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт ұйымдастырғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғаларға – 15 АЕК (64 875 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК (86 500 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК (108 125 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (151 375 теңге).

Сонымен қатар дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ кандидаттар немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру туралы мәліметтерді жариялауға жол берілмейді.

Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге де тыйым салынған. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге), ал заңды тұлғаларға 25 АЕК (108 125 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Бас прокуратура «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң талаптарын да қатаң сақтауды еске салды. Оған сәйкес, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған. Ал демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін келісім алу қажет.

Белгіленген тәртіпті бұза отырып бейбіт жиналыстар ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ал мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, қылмыстық жауапкершілік туындайды.

Сондай-ақ Бас прокуратура тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контент таратудың жол берілмейтінін ескертті. Мұндай әрекеттердің қауіптілік деңгейі мен келтірген зиянына қарай қылмыстық жауапкершілік көзделуі мүмкін.

Сайлау процесіне қатысушыларды жоғарыда аталған заң талаптарын қатаң сақтауға, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға және оларды жасаудан аулақ болуға шақырамыз, – деп ескертті Бас прокуратура.

Наверх