Бас прокуратура мұнайшыларды полиция не үшін алып кеткенін түсіндірді

12 Сәуір 2023, 10:54
980
Бөлісу:
Бас прокуратура мұнайшыларды полиция не үшін алып кеткенін түсіндірді
Фото: abai.kz

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев маңғыстаулық мұнайшыларды полицияның не себепті алып кеткені жайында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

11 сәуір күні кешке Энергетика министрлігі алдына жиналып, рұқсатсыз ереуіл ұйымдастырған жаңаөзендіктерді полиция ішкі істер органдарына алып кеткен болатын.

10 сәуір күні Маңғыстау облысынан келген «БерАли Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары Энергетика министрлігі ғимараты алдында заңсыз жиналыс өткізді. Олардың талаптары өздерінің бұрынғы жұмыс істеген ЖШС-ге қайта жұмысқа алу немесе квазимемлекеттік сектор саналатын «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнына жұмысқа алу болды. Бұл мәселені шешу үшін «Қазмұнайгаз» және Энергетика министрлігінің басшылық құрамы осы жұмысшылармен кездесу өткізді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деді Өмірәлиев.

Сөзінше, оларға дәл бұрынғы еңбек жағдайы, жалақысын сақтай отырып, Маңғыстаудағы басқа компанияларға жұмысқа орналастыру ұсынылды. Алайда ереуілге қатысушылар ұсынысты қабылдамаған.

Заңсыз жиналысты өткізу тәртібі бұзылды. Мұндай жиналыстыр хабарландыру арқылы өткізіледі. Жергілікті атқарушы органдарға 5 күн бұрын хабарлама берілуі қажет. Бірақ мұнайшылар мұндай хабарламаны жолдамаған. Сол себепті прокуратура органдары жергілікті әкімдікпен бірге жұмысшыларға заңның талаптарын сақтауды бірнеше рет түсіндірді, - деп айтты Бас прокуратура өкілі.

Ол атап өткендей, мұнайшылар ескертуді елемей, ереуілді жалғастыра берген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше түнде Астанадағы Энергетика министрлігі алдына жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Маңғыстаулықтардың алдына шыққан «Қазмұнайгаз» өкілдері келіссөз жүргізілетінін айтты. 

Осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдіріп, мәселе қалай шешілетінін айтты.

Ал Үкімет кулуарында осы мәселе жөнінде сөз қозғаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талаптары шашыраңқы болғанын атап өтті.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді.  Бұл дауға қатысты Энергетика министрлігі де ресми жауабын берді. Жаңаөзендік жұмысшылардың митингісіне Астана полициясы да пікір білдірді.  

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарын тыныштық сақтауға шақырды. Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов та тұрғындарға үндеу жолдады. Ал бүгін Жаңаөзендік мұнайшылар жерлестеріне видео жолдады.

Өзгелердің жаңалығы