Бас прокуратура цифрлық жобаларын таныстырды

19 Ақпан 2021, 10:44
1773
Бөлісу:
Бас прокуратура цифрлық жобаларын таныстырды
Фото: автордан

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бас прокуратурада Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлық жобаларының таныстырылымы өтті.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов таныстырылым барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп қылмыстық және әкімшілік процестерді автоматтандыру, тексерулер тағайындау, өтініштермен жұмыс бойынша жобалар іске асырылғанын атап өтті.

 

Биылдан бастап Президенттің тапсырмасымен жаңа заң енгізілді. Бұл жерде азаматтардың қылмыстық-процесуалдық құқығын шектейтін нормаларға алдын ала прокурорлардың келісімін беру басшылыққа алынады.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «азаматтардың қылмыс барысындағы құқығын нығайту керек» деген тапсырма берді, - деді Ахметжанов.
 

Ол атағандай, Президент прокурорлық қадағалаудың кешігуі туралы ескерту жасаған. 

Оны жүзеге асыру аясында 7 процессуалдық шешімді онлайн жүзеге асырамыз. Олар азаматтардың құқығына тікелей қатысты шешім болып саналады. Құқық қорғау органдарын тергеу барысында қабылданады, кейін прокурорға жіберіледі. Прокурор келісім беріп, бекіткен соң ғана өз күшіне енеді, - деді Марат Ахметжанов. 

Бас прокурордың орынбасары айтқандай, прокурордың келісуінсіз және бекітуінсіз жоғарыда көрсетілген процестік шешімдердің заңдық күші болмайды.

Бұдан басқа қылмыстық процеске қатысушылардың қабылданған процестік шешімдерді қашықтан қадағалауға, келіспеген жағдайларда оларға уақтылы шағымдануға мүмкіндігі бар. Мұндай модель процестік құжаттарды дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады, қылмыстық қудалау шеңберіне заңсыз тартылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, - деді Ахметжанов. 

Ол атағандай, Қазақстандағы қылмыстық істердің 70 пайызы электронды форматта жүзеге асырылады. 

Осы жаңалықтарды іске асыру қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі болып табылады.

Шара барысында «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі», «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Электрондық өтініштер» цифрлық жобаларының мүмкіндіктері және «Qamqor» ақпараттық сервисі көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы