Бас прокуратура: Рұқсат етілмеген митингіге шыққандарға жауапкершілік қарастырылған

7 Маусым 2019, 19:04
1310
Бөлісу:
Бас прокуратура: Рұқсат етілмеген митингіге шыққандарға жауапкершілік қарастырылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев рұқсат етілмеген акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. 

«Әлеуметтік желілерде 2019 жылғы 9 мен 10 маусымда рұқсат етілмеген митингілерді ұйымдастыруға және оларға қатысуға шақырулар таратылуда. Қоғамдық тәртіпті, тұрғындардың өмірі мен денсаулықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңнаманың келесі нормаларына назар аударамыз. Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі», - деді Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде үндеуінде. 

Оның айтуынша мұндай жария іс-шаралар жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар етумен олардан рұқсат алу арқылы арнайы белгіленген орындарда, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін жағдайларды болдырмау шараларын қолдана отырып жүргізілуі тиіс. 

«Рұқсат етілмеген акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылық туындайды. Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады. Бас прокуратура азаматтарды заңды мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға қайтадан шақырады», - деді Бас прокурорының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы