Бас мүфти Түркі тілдес елдер дін басшыларының алқасын құруды ұсынды

2 Желтоқсан 2021, 19:33
1012
Бөлісу:
Бас мүфти Түркі тілдес елдер дін басшыларының алқасын құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркі тілдес елдер дін басшыларының Алқасын құруды ұсынды. Бұл туралы Түркия Дін Істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен болған екіжақты ресми кездесуде айтылды.

Құрметті Хазірет ең алдымен Сізді Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан елорда бас мешітінің ашылуына арнайы шақырамын. Түркі жұртына ортақ дүние көп. Оның ішінде тілі мен ділі, мәдениетіміз ұқсас. Осы орайда Түркі тілдес елдердің мүфтилер Алқасын құрып, алғашқы отырысын Түркі әлемінің астанасы атанған Түркістан қаласында ұйымдастыруды ұсынғалы отырмын. Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі мен Түркия Дін істері басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында Түркияда кеңес жиынын бірігіп өткізсек деген жоспарымыз бар, - деді Бас мүфти.

Өз кезегінде Әли Ербаш мырза Наурызбай қажы Тағанұлының ұсынысын толықтай қолдайтынын айтып, Түркі тілдес елдер дін басшыларының жиынын өткізу, Ғұламалар кеңесі арасында байланыс орнату идеясы қазір өзекті екенін жеткізді. Сондай-ақ Түркия мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Қазақстанға құрметті қонақ ретінде шақыртуын қабыл алды.

Еске салайық, ҚМДБ Төрағасының Түркияға ресми сапары барысында екіжақты меморандум жасалып, әріптестік байланыстарды бекіте түсуге уағдаласқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы