Бас мүфти: Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді

6 Қазан 2021, 14:58
8703
Бөлісу:
Бас мүфти: Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі XIX Хатшылығының отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейтінін айтты.

Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Дін адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі. Демек діннің қуатты күшін адамдар арасында достық, өзара сыйластық құрметті арттыруға бағыттауымыз керек. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген сөздерінде үлкен мағына бар, - деп өз сөзін бастады бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы атап өткендей, Қазақстан бейбітшілікті сүйетін ел және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейді. Елде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі осыны дәлелдеп отыр.

Әлемді жайлаған пандемия көптеген игі іс-шаралардың өтуіне тосқауыл болды. Алайда бұл сынақ мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түсті. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз біргеміз! Тілегіміз ортақ!» деген игі ниетпен үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Осы сәтті пайдалана отырып, дін көшбасшыларына Алла разылығын айтамын, - деп айтты ол.

Бұл іс-шара адамзатты ортақ мақсатқа жұмылдырғанын айтты.

Адамзат баласы санғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешіп келеді. Әлемді үрейлендірген қазіргі сын сәтте де Адам мен Хауаның ұрпақтары қабырғамызды қайыстырмай, үмітсіздікке бой алдырмай, бір-бірімізге қамқор әрі тірекші бола білуіміз қажет. Бүгінде үрей құшағына еніп, елең-алаң күй кешкен әр адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа болып тұр. Бұл тұста діндарлар мен дін лидерлерінің рөлі орасан зор, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти отырыс кезінде қазақ халқында «Бетеге кетсе – бел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» деген аталы сөз бар екенін айтты.

Алла елшісі айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес, үмітке қанат бітіре білсек қана әлемдік пандемияны жеңеріміз анық. Менің ойымша, әлемдегі пандемиялық жағдай дін өкілдерінің рухани әлемін әлсірете алған жоқ. Пандемия уақытында мешіттер мен ғибадатханалар есіктері жабылғанымен, сауап есігі жабылмайтыны секілді, дін қызметкерлері қоғамда ізгілік пен мейірім сынды құндылықтарды кеңінен насихаттай білді, - деп айтты Наурызбай қажы Тағанұлы отырыста.

Ол пандемия жағдайы адамзатты қанағатшылдық пен қайырымдылыққа, бірлік пен ізгілкке әкелгенін айтты.



Өзгелердің жаңалығы