Бас мүфти: Биыл құрбандық шалу онлайн түрде өтеді

15 Шілде 2021, 15:09
2250
Бөлісу:
Бас мүфти: Биыл құрбандық шалу онлайн түрде өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Ол биылғы 20-22 шілдеге сәйкес келіп тұрған Құрбан айт мерекесінің өткізілуіне тоқталды.

Бас мүфтидің айтуынша, былтыр қашықтан құрбан шалу тәжірибесі осы жылы да қолданылады. Сондай-ақ бүгін құрбан шалуға арналған арнайы сайт іске қосылады.

Биыл құрбан шалу екі жолмен іске асырылады. Бірінші жолы – офлайн, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Бұл жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді сақтай отырып жүргізіледі. Екінші жолы – пандемия жағдайын ескере отырып, шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде өткізу. Бұл жобаға тоқталатын болсақ, мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу. Мұқтаж жандарға құрбандық етін түгелдей тарату, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ басшысы айт мерекесі қарсаңында діни басқарманың өкіл имамдары жергілікті санитарлық дәрігерлермен бірігіп брифингтер өткізетінін жеткізді. Құрбан шалу барысында санитарлық талаптардың қатаң сақталуы, халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау талап етілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы