Бас мүфти бастаған ҚМДБ ұжымы вакцина салдыртты

30 Маусым 2021, 21:13
2916
Бөлісу:
Бас мүфти бастаған ҚМДБ ұжымы вакцина салдыртты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Бүгін елордадағы N9 қалалық емханадағы вакцина егу пунктінде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ ұжымы вакцина салдыртты. Індет өршіп, вирустың жаңа түрінің таралуына байланысты оның алдын алуда азаматтық парызымызды орындап, тәжтажалдың тоқтауына өз үлесімізді қосқымыз келді дейді ұжым бір ауыздан.

Жұмыс уақыты аяқтала салысымен ұжым болып бас муфти бастаған ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек  Жәдігерұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков екпе салатын пунктке келіпті. Сондай-ақ вакцина алушылардың қатарында Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, бас мүфтидің көмекшісі Дәулет Ораз, «Хикмет» студиясының тілшісі Еркін Шәкірұлы бар. 

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Жалпы ислам шариғатында екпе салдыруға рұқсат етіледі. 

«Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар  (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. 

Қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді. Ұжым болып екпе алсақ, дертті толықтай жеңеміз деп отыр мамандар. Бүгін арнайы отандық QazVac вакцинасының І компонентін салдырттым. Жағдайым жақсы, дәрігерлерге мың алғыс. Салғандарын сезбей де қалдым, - деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти бастаған ҚМДБ ұжымы вакцина салдыртты

ҚМДБ төрағасының айтуынша, вакциналауға қатысты мына шарттарға мән беру қажет. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттар болмауы тиіс. 

Яғни шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ аса зәрулік жағдайларында, екпе қолданбаған кезде адам өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат. Салынатын вакцина адамның денсаулығына зиян келтірмеуі, ауруын асқындырмауы немесе мүгедектікке ұшыратпауы тиіс. Демек шариғат бойынша зәрулік болса, екпе салдыруға әбден болады. Дегенмен, вакцина салдыру — әр азаматтың өз еркі, - дейді ол.

Емхана қызметкерлері вакцина пунктінде «Спутник-V», QazVac және CoronaVac вакциналары бар екендігін алға тартты.

Егу пунктінің есігі таңғы сағат 08.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін вакцина салдырам деушілерге айқара ашық.

Өзгелердің жаңалығы