Бас санитарлық дәрігер: Сары аймақта жалғыз - Шығыс Қазақстан облысы тұр

24 Қазан 2020, 11:05
1339
Бөлісу:
Бас санитарлық дәрігер: Сары аймақта жалғыз - Шығыс Қазақстан облысы тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов 2020 жылғы 22-23 қазанда COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша жүргізілетін эпидемияға қарсы іс-шаралармен танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысына іссапармен барды.

Вице-министр іссапар барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды, тұрғындар арасындағы сырқат деңгейін төмендетуге арналған профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды талқылады. Вице-министр мен өңір басшысы облыстың COVID-19 коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындығын қарастырды. 

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, сары аймақта жалғыз - Шығыс Қазақстан облысы тұр. Қалғаны жасыл аймақта. Осыған байланысты өңірде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет, - деді Е. Қиясов. 

Сондай-ақ, вице-министр облыс әкімінің Ахуалдық орталығы базасында құрылған COVID-19 ошағын оқшаулау орталығымен танысты, ол СОО мен медициналық мекеме, СЭС, ауылдық округтердің әкімдіктері арасында жедел дерек алмасуға арналған. 

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Шығыс Қазақстан облысының  Денсаулық сақтау басқармасының, Ішкі істер департаментінің және басқа да органдар мен ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, өзара іс-қимыл мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұжымымен кездесті, коронавирус инфекциясы бойынша проблемалық мәселелер мен қазіргі эпидемиологиялық жағдайды талқылады. 

 Е.Қиясов жұмысты реформалау, қызметкерлерді ынталандыру деңгейін арттыру және т. б. бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратпен таныстырды. 

Сапар соңында вице-министр ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Тараптар зертханалық зерттеулердің тиімділігін көтеру, ПТР-зерттеулердің саны мен қуатын арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және басқа да зертханалар мен өзге де қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелерін талқылады. Ерлан Қиясов сондай-ақ облыс тұрғындары арасында ПТР тестілеу жүргізетін аса қауіпті инфекциялар зертханасының материалдық-техникасы, кадрлық әлеуетімен танысты.

Өзгелердің жаңалығы