Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

28 Желтоқсан 2022, 12:33
3607
Бөлісу:
Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Балалар жылы өз мәресіне жетті. Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шараларды сараптап көрелік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

   Ұлттың жалғасы, ел ертеңі – өскелең ұрпақ. Мемлекеттің іргетасы мығым, келешегі кемел, болашағы баянды болуы үшін де бүгінгі балалардың болашағына, дамуына қазірден инвестиция құю маңызды. Осы мақсаттарды меже тұтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – «Балалар жылы» етіп жариялаған болатын.

Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

 Иә, бүгінгі бала – ертеңгі ел үмітін арқалайтын атқамінер. Ендеше, барыс жылы балалар игілігіне қандай жаңалықтар алып келді? Жылды саралап көрелік...

Отан - отбасынан басталады

Мемлекет басшысы бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін нақты шаралар қолға алынуы керек екенін атап өтті. Бұл тұрғыда басты назарды қоғамдық құндылықтарды жаңартуға аудару керектігін айтады. 

Отан-отбасынан басталады. Әрбір отбасы шағын мемлекет. Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу мәселелері де бірінші орында тұр. Мұнда жауапкершілік ата-анаға, отбасына жүктеледі. Ал, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, отбасылық құндылықтарды нығайту, жас отбасыларды қолдау, сондай-ақ отбасылар жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу саласында кешенді жұмыс жүргізіп отырған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Жыл сайын министрліктің ұйымдастыруымен отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат ететін «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіледі. Осы жылдар ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңға жуық отбасы қатысқан. 

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Отбасында тек ананың ғана емес, әкенің тәрбиесінің орны бөлек. Қазақта баланың бойындағы қандай да бір қасиетін тегіне тартқан дейді. Әкенің балаға тастаған ең ұлы мұрасы – тәрбиесі. Әке мектебінен өткен бала да сол мұраға еш қиянат жасамаған. Дегенмен, бүгінгі заманда әкелер отбасыны тек ақшалай құндылықтармен қамтамасыз етіп, рухани құндылықтарды беруден кенде қалып жатқандай. Осы мақсатта министрлік жыл сайын «Әкелер форумын» ұйымдастыруды қолға алған. Биыл да әдеттегідей форумға барлық өңір бойынша әкелер жиналып, бірнеше маңызды мәселені көтерді.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында сөз алған Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов бұл Балалар жылында ұйымдастырылған шаралардың бірі ғана дейді.

2021 жылдан бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалады. Жобаның негізгі мақсаты – дарынды қазақстандық жастардың жаңа, батыл, серпінді ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету.Биыл жоба аясында 33 жеңімпазға 3 млн.теңге көлемінде грант берілді. Сондай-ақ министрлік өз құзіреті шегінде Балалар жылында атқарылған шараларға ақпараттық қолдау көрсетті, Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік жобаларды іске асырды, - деп атап өтті ол.

Жалпы елімізде жетім балаларға, толық емес және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету бағыты бойынша 110 үкіметтік емес ұйымы жұмыс жасайды. Министрлік биыл гранттық қаржыландыру шеңберінде «Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау» жобасын іске асырған.

Жоба мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге қоғамда психологиялық және әлеуметтік бейімделуге, көмек көрсетуге бағытталған. Жоба аясында мүгедек балаларға жеке психологиялық-педагогикалық көмек көрсетілді. Жалпы 2 мыңнан астам адам қамтылды.  Ата-аналар мен мамандар үшін бірқатар тренингтер өткізілді. 100-ден астам ата-аналаға жеке кеңес берілді, - дейді Қайрат Баймульдинов.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Қазіргі ата-аналарды алаңдатып отырған кезекті мәселе – балалардың көп уақытын гаджеттерде өткізуі. Бұл тек ата-ананы ғана емес, дүйім жұртты алаңдатып отырған мәселе. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес ата-аналардың 71,8%-ы балаларды тәрбиелеу процесінде балалардың гаджетке, әлеуметтік желіге, интернетке тәуелділігі өзекті мәселе деп санайды.Психологтар да мұндай балалар тез ашуланғыш келетінін айтады.

Компьютерлік ойындардың көбі - атыс-шабыс, төбелеске құралған. Осындай ойындар ең алдымен баланың мінез-құлқына әсер ететінін ұмытпаған абзал. Сондай-ақ, атыс-шабыс ойындарын ойнайтын бала бойында мейірімділік, ізгілік секілді қасиеттер азаяды. Смартфон, гаджеттер бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Бала одан алған ақпараттарды тез қабылдағыш келеді. Өзіңіз білесіз, онда тек жақсы ақпараттар ғана салынып қоймайды. Сондықтан балаңыздың нені көріп жүргенін, нені ойнап жүргеніне аса ықтияттылықпен қараған жөн, - дейді психолог Айнұр Батырғалиева.

Министрлік осы мәселені ескере отырып, гранттық қаржыландыруда жастар мен балалардың интернетке тәуелдік пен құмар ойындардың алдын-алу әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жобаның мақсаты – жастарды интернет кеңістікке қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету, интернетке тәуелдік пен құмар ойындарының алдын алу болып табылады. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кезекті жоба аясында жастар мен балалар арасында сауалнама жүргізіліп, желіде мониторинг жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жастардың санасын улайтын есірткі, суицид секілді іс-әрекеттерді насихаттайтын 6 мыңға жуық материал анықталып, бұғатталды, - деді Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов. 

 Балалар контентін дамыту – ұрпақ тәрбиесіне аса маңызды. Сондықтан осы тұрғыда қатаң қадағалаудың болғаны маңызды екенін айтқымыз келеді.  Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда ірі әлеуметтік платформалармен іс-әрекет орнатылып, олардың басшылары осы бағытта жұмыс жасауға әзір екенін айтады.

Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақта

 Шығыстанушы Шоқан Уәлиханов «Халықтың кемеліне келіп өркендеп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп атап өткен. Расымен, Мемлекет басшысы айтқандай, бұл сала ұлт  сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.

Балалар жылында мектеп оқушылары үшін арналған 1 691 нысан ашылды, оның ішінде: 547 білім беру және қосымша білім беру нысаны, 1 144 спорт, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында:

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек, - деген болатын.

Осы мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігі биыл атқарылған мәселелерді былайша қорытындылады.

  2021 жылы 163 301 оқушы орнына (екі ауысымда) 277 мектеп пайдалануға берілген. Биыл осы жұмыс жалғасын тауып, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жалғастырылатын болады деп атап өтті. Сонымен елімізде 2026 жылға дейін 842 000 оқушы орындық жаңа 401 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігі тарапынан биыл мектеп оқушыларына біршама жаңа жобалар қолға алынып, өз жұмысын бастады. Мысалы, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы шеңберінде аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек көрсетілді. Жалпы, демеушілер мен меценаттар 204 498 оқушыға көмек көрсетті. Сондай-ақ, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген бастауыш сынып оқушыларының саны 10% - ға өсті.

«Балаға лайық» республикалық акциясы арқылы мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жай-күйін ерекше бақылауға алды.

 Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің контингенті азаяды. Министрлік балаларды балалар үйіне кіру мүмкіндігін қоспағанда, тәуліктің кез келген уақытында қабылдауға дайын асырап алушы кәсіби отбасыларды заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған форма балаларға қажетті отбасылық өмір сүру жағдайлары мен күтімді қамтамасыз етеді, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің санын азайтуға мүмкіндік береді.

Мектеп автобустарының автопаркі алғаш рет ауқымды түрде жаңартылуда, жергілікті атқарушы органдар 515 мектеп автобусын сатып алуда. Бұл мектептер жоқ елді мекендерден 20 мыңнан астам баланы тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

Биыл алғаш рет Халықаралық зияткерлік, шығармашылық және спорттық олимпиадалардың 100 жеңімпазы мен жүлдегерлері «конкурстан тыс» қағидаты бойынша отандық жоғары оқу орындарының гранттарын алды. Және беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 73 млн.тг (1 орын – 4,5 млн. тг, 2 орын – 3 млн. тг, 3 орын – 1,5 млн. тг) ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Биыл халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысушылар саны 600 оқушыға дейін өсті, олардың 252-сі медаль жеңіп алды. Ал әлеуметтік осал топтардан 400-ден астам бала «конкурстан тыс» дарынды балаларға арналған 134 мектепке қабылданды.

 Биыл балалар мен жасөспірімдер қоғамдық қозғалысының дамуы басталды. Мәселен, 7 мың мектеп және студенттік парламенттерде 490 мыңнан астам білім алушы, 6,5 мың пікірсайыс клубтарында 134 мың бала мен жасөспірім айналысады. 20 аймақтық пікірсайыс лигасы құрылған.

Балалар шығармашылығындағы жаңа сарын

Тәрбие берудің ең көрнекті құралының бірі – әдебиет үлгілері мен көркем шығармаларға баулу. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң, Мәдениет және спорт министрлігі де биылғы «Балалар жылын» өткізу аясында 69 ауқымды шара жүзеге асырылған. Аталмыш шаралардың барлығы балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жалпы, министрлік биыл 1 млн астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырды. 

  Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов министрлік атқарған шаралар бойынша халыққа есеп берді. 

Балалар жылы аясында еліміздегі мектептердің 20%-ын қамтитын балалар өнер мен мәдениетте нені білу керек деген сұраққа жауап беретін «Оқушының мәдени нормативі» жобасы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30%-ға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Жаз бойы көп балалы, көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жасөспірімдерге тегін кино көрсетілімдері ұйымдастырылады.  Сондай-ақ балалардың оқу белсенділігін арттыру мақсатында биылғы жылы Министрлік тарапынан алғаш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын тағайындадық, - деді ол.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

  Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі бойынша бүгінде 4 жастан 17 жасқа дейінгі 458 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер 14 652 спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін барады дейді министрлік есеп беру барысында.  Аталған тетікті жетілдіру мақсатында Министрлік шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бұйрық қабылдады.

Еліміздің 7 қаласында (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Талдықорған, Петропавловск және Семей)«Қолжетімді спорт» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарлама 20 мыңнан аса адамды қамтиды. Бұл бағдарлама мектеп жасындағы 2,7 млн-нан астам баланы қамтыды. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында оқушылардың кәсіби бағдарын дамытуға арналған «Жанды сабақтар» жобасы жүзеге асырылуда. Онда балалардың таланты мен қабілетін анықтауға басымдық беріледі. Осындай жоба аясында көкірегі ояу, танымы терең, жан-жақты, әр нәрсеге көңіл бөлгіш, байқағыш, ой түйгіш балалар саны артқаны анық.  

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

 Тәрбие берудің маңызды арнасы ретінде балаларды, жастарды елжандылыққа баулу, еріншек болмау, ұрпақ санасына отансүйгіштік қасиет сіңіруге ерекше мән беру бүгінгі ата-ананың беріп жатқан тәрбиесі мен қоса қоғамның үлесі екенін ескерген жөн.

   Қазіргі таңда өңірлерде дарынды балалар көп. Мемлекет тарапынан да осындай дарынды балаларға арналған байқаулар да ұйымдастырылуда. Биыл арнайы байқаулардың талаптарында аса бір өзгеріс болған жоқ. Бірақ, вице-министрдің сөзінше, балалар байқауларының барынша сапалы болуына ерекше мән берілді.

Бәрі балалар әдебиетінен басталады

      Балалар әдебиеті – әдебиеттің ең бір елеулі саласы. Себебі ол бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп қана қоймайды, олардың болмысын қалыптастыруға да септігін тигізеді. Соңғы уақытта осы сала мемлекет тарапынан қолдау тауып жатқан салалардың бірі болып отыр. «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» болса, биыл «2022 жыл – Балалар жылы» болып бекітілгені оған дәлел. Руханияттың мөлдір бұлағы іспетті бүлдіршіндерге арналған әдебиетке биыл қандай өзгерістер енгізілді?

     Атап айтқанда, балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайты жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 000-нан астам кітап орналастырылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған «Таланттар арамызда»республикалық фестиваль-көрмесі өткізілген.

     Ұлы ақын Абайдың, бала тәрбиесіне, жалпы бала болмысына, қарттар мен қариялардың танымдық ерекшелігіне қатты көңіл бөлген. Осы орайда, Министрлік «Әжемнің ертегілері» онлайн жобасын қолға алып, бүгінде жоба 40 мың баланы қамтып отыр.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

      Мәдениет және спорт министрлігі 2023 жылдан бастап қазақстандық жас ақын-жазушылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлығын тағайындауды жоспарлап отырғанын айтады.  Бұл әдеби сыйлықтың бір номинациясы арнайы «Балалар әдебиеті» бағытындағы қаламгерге арналады (Сыйлық көлемі 4,1 млн. теңгені құрайды). Әрине, мұндай сыйлық та, байқау да балалар әдебиетінің дамуына жаңа серпін беріп, тың туындылардың дүниеге келуіне жол ашары сөзсіз.

Балалар жылында 402 мың бала дүниеге келді

          Мемлекет басшысы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз деп баса айтқан болатын. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтау денсаулық сақтау жүйесінің маңызды және басым бағыттарының бірі болып табылады.

    Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 6,6 млн астам бала тұрады. Оның ішінде 5 жасқа дейінгі балалар саны – 2,5 млн болса, оқушылардың үлесі – 3,4 млн құрайды. Биыл еліміз бойынша 402 мың бала дүние есігін ашты. 

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

2022 жылы амбулаториялық деңгейде балалардың 118 млн. консультациялық-диагностикалық қабылдауы жүргізілді, тәулік бойы стационар жағдайында 576 мың бала емделді. Сондай-ақ 100 мыңнан астам балаға ота жасалды.Егер ел ішінде емдеу мүмкін болмаған жағдайда, балалар "шетелдік емдеу" бағдарламасы шеңберінде ем алады. Биыл 71 балаға гемопоэтикалық дің жасушаларын транспланттау, электропарацияны қолдана отырып склероздау, Радионуклидтік терапия және т.б. бағыттар бойынша жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, Түркия, Германия, Үндістан, Ресей елдеріне жіберілді.

Мектеп медицинасы да маңызды бағыттардың бірі болып табылады, оның негізгі мақсаты мектеп кезеңіндегі ауруларды ерте анықтау және алдын алу болып табылады. 

Бүгінде мектеп медициналық пункттерінде 7000 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде дәрігерлер – 200 дәрігерді құрап отыр. Биыл 1 оқушыға жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі 19% - ға ұлғайтылып, 654 теңгені құрады.Нәтижесінде қаржыландырудың жалпы көлемі 27 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.

Әлі де маман тапшы

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 2640 педиатр, 773 неонатолог жұмыс істейді. Бірақ, бұл маман жеткілікті деген сөз емес. Елімізде 200 балалар маманы, 100-ден аса неонатолог мамандары тапшы. Биыл оқу орнын 198 балалар маманы (педиатрлар, неонатологтар, балалар хирургтары, балалар онкогематологтары) бітірді. Бүгінде балалар бейіні мамандықтары бойынша 548 резидент білім алуда. Еліміздің денсаулық саласында оның ішінде ана мен бала денсаулығын жақсартуда әлі де жақсы мамандар керек-ақ. Оқу орындары сапалы білім беру мақсатында шетелден арнайы білікті, тәжірибелі дәрігерлерді алдыртып, тәжірибе жүргізсе нұр үстіне нұр болары хақ. Себебі, мемлекеттен де осы білім саласына бөлінетін гранттың саны жылдан-жылға өсуде. Мысалы, биыл  "Балалар хирургиясы", "Неонатология", "Педиатрия", "онкология және балалар гематологиясы" мамандықтары бойынша резидентураның 292 білім беру грантына мемлекеттік тапсырыс бөлінген.

Мүгедектігі бар балаларға қандай жағдай жасалды?

Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 14,4% (7 жасқа дейін – 32,1 мың, бірінші топтағы 7 жастан 18 жасқа дейін – 10,9 мың, екінші топтағы – 22,2 мың, үшінші топтағы – 36,4 мың) екенін хабарлады. Барлық жастағы мүгедектігі бар азаматтар үшін олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету (бұдан әрі – АӘҚ) сияқты қолданыстағы шаралардан басқа, осы жылы мүгедектігі бар баланың ата-анасына мемлекеттік бюджет есебінен санаторий-курорттық емделуге жолдама құнының 70% төлеу жөніндегі норма енгізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтерді жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Министрлік жанында 6 жұмыс тобы жұмыс істейді, олардың құрамына мемлекеттік органдардың, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Олар жүргізіп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін жағдай жасау,- деп бөлісті Оспанов.

Барыс жылында балалар игілігіне жасалған іс-шаралар

 Ведомство әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту шеңберінде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға өзгерістер енгізіп  жатыр. Аталмыш жобада әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мүгедектігі бар адамдар үшін орталықтар желісін дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар контингентін айқындау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерді кезең-кезеңімен деинстуциализациялау алгоритмін әзірлеу көзделеді. Енді мүгедектігі бар баланы санаторлық-курорттық емдеуге ата-аналарға арналған жолдамалардың 70% -ын мемлекет төлейді. Бұл әрине қуанышты жаңалық. 

Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға әрқайсысы 150 орындық бірқатар орталықтар салу жоспарланған. Өткен жылы құрылыс Жамбыл және Түркістан өңірлерінде, сондай-ақ Абай облысында басталды. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жаңа орталықтың құрылысы басталмақ.

Министрлік  мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бар бала кәмелетке толғанға дейін оның күтімі бойынша қанша төлем қарастырылғанын атады. Оның мөлшері – 1,4 төменгі күнкөріс деңгейіне тең. Жыл басынан бері оны 56,7 млрд теңгеге 97,4 мың адам алды. 

Бұдан басқа, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеуге құқығы бар. Қосымша қолдаудың мөлшері жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша айқындалады. Көмектің бұл түрі отбасының табысына қарамастан ұсынылады, үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша оны жалпы сомасы 707,8 млн теңгеге 14,8 мың теңге алды, ал оның орташа айлық мөлшері 5 313 теңгені құрағанын айтады.

Қорытынды

Қазақта «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деген сөз бар. Ұлы Абай да «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң»,-деп бүгінгі тақырыбымызды ашып тұрғандай. Қай мемлекет, қай адам болмасын, басты бағытты балаларға аударған абзал. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтпағы сол, болашағымыз жарқын болсын десек, ұрпақ тәрбиесін көңілден шығарып алмау керекпіз. 

Барыс жылында балалар игілігіне біршама игі істер жасалып, жағымды жаңалықтардың көп болғаны қуантады. Бастысы, осындай шаралардың бір жыл аясында ғана емес, барлық жылда атқарылса деген тілегіміз бар.

Өзгелердің жаңалығы