Барша тыңдармандарымды қатты жақсы көремін – Димаш Құдайберген

29 Қаңтар 2019, 14:31
2463
Бөлісу:
Барша тыңдармандарымды қатты жақсы көремін – Димаш Құдайберген

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Димаш Құдайберген «Арнау» атты жеке шығармашылық концертіне дайындық барысы туралы айтты. 


«Барша тыңдармандарымды қатты жақсы көремін, құрметтеймін. Өнерімнің назарға ілінуі қолдаушыларымның арқасы деп білемін. Сол себептен оларға қатты ризашылығымды білдіремін», - деді ол. 
 
Әнші «The Best Singers of All Time» (Дәуірдің ұлы әншілері) дауыс жинау сайысына қатысты жауап берді.

«Интернеттегі дауыс беру жүйесін сіздерден білдім. Ол кезде шетелде жүрдім. Қызу талқыға түсіп жатқан бұл не дауыс беру деп қарап едім. Мені Майкл Джексон, Фредди Меркьюри секілді музыка әлемінде өзіндік орнын ойып тұрып алған әлемдік жұлдыздармен бірге қатарластырып қойыпты. Бір жағынан өте бір ерекше сезімге бөлеген жағдай, бір жағынан мұндай кісілермен деңгейлес болу үшін әлі мың рет еңбек етуім керек», - деді әнші. 

Өнер иесі дауыс беріп қолдаған жерлестеріне, шетелдегі тыңдармандарына алғысын айтты. 

«Бұл жәй интернеттегі кішігірім сауалнама, ешқандай да байқау, жоба емес. Сіздердің маған деген ниеттеріңіз, махаббаттарыңыз көрінді. Сіздердің көңілдеріңізден шығу үшін, үміттеріңізді ақтау үшін  барымды салып, талмай-тынбай еңбек етемін», - деп сөзін түйіндеді Димаш Құдайберген.
Назерке АБИБУЛЛА
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы