Барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті – Сенатор қаңтар оқиғасы туралы айтты

20 Қаңтар 2022, 11:36
1228
Бөлісу:
Барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті – Сенатор қаңтар оқиғасы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ләззат Сүлеймен «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты мәселені көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

Ләззат Сүлеймен атап өткендей, ел Тәуелсіздігінің даму жолында аса күрделі кезеңді бастан өткердік.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы мемлекетіміз үшін үлкен сабақ әрі серпіліс болмақ. Халқымыздың «Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, кімнің шешен екенін дау келгенде білерсің» дегені осындайда айтылған болар. Сарбаздарымыз, полицейлер, бейбіт халқымыз, кәсіпкерлер үлкен зардап шекті. Отанымызды қорғаймыз деп өрімдей жастарымыздың содырлардың аяғының астында қалуы, бейбіт тұрғындардың қазасы баршамыздың жанымызға батып отыр, - деді ол. 

Депутат атағандай, озбырлық пиғылымен мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған бүлікшілердің толық анықталуы, қатаң жазалануы – халық талабы. 

Жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды бейбіт шерушілер ретінде көрсетуге тырысатындардың да саны көбеюде. Қаралы оқиғалар кезінде және ТЖ енгізгеннен кейін түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін қазір 2 мыңнан астам адам ұсталды. Бұл адамдардың ішінде бейбіт митингке қатысушылар, жаппай тәртіпсіздік жасаған бұзақылар, ұрлықшылар, содырлар тобы нақты анықталып, барлық кінәсі мен жазасы қылмыстық-әкімшілік заңнамаға сәйкес нақты белгіленуі міндет. Яғни бейбіт адамдардың әділетсіздік құрбанына айналуына жол берілмеуі керек, - деп атап өтті Ләззат Сүлеймен.

2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде болған әр факт жіті зерттеліп, тексеріле отырып, құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғалуға және білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығы қамтамасыз етілуі керек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн, - деген пікірімен толық келісеміз. Мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі барынша ашық, әрі объективті болуы, барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті, - деп жазды Ләззат Сүлеймен өзінің сауалында.

Сондай-ақ, депутат асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет көмектесуі керек, зардап шеккендер үшін оңалту жүргізіп, курсанттарға, әскери және полиция қызметкерлеріне материалдық және моральдық қолдау көрсету керек екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Үкімет қанды қасірет себептері мен салдарына қатысты терең әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, содырлар соққысы қайталанбайтындай, қазақша айтқанда енді қайталанбайтындай шаралар қамтамасыз етілу қажет,- деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы