Барлық өңірде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салынады

Жаңа нысандардың қатарында перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары және оңалту орталықтары бар.

 gov.kz 29 Қазан 2026, 12:16
29 Қазан 2026, 12:16
104
Фото: gov.kz

Қазақстанның барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі медициналық-демографиялық жағдай мен тиімділік өлшемдерін ескере отырып, медициналық нысандарға қажеттілікті талдауға кірісті, – деді министр.

Оның айтуынша, жоспарға жалпы сыйымдылығы 1 700 төсек болатын сегіз заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы енгізілген. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қалаларында салынады.

Бұдан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында 1 550 төсекке арналған жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Астанада 200 төсек-орындық балаларға арналған шұғыл көмек орталығы мен 350 төсекке арналған балалар хирургиясы орталығы ашылады.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмекті кеңейту, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қалаларында Ұлттық балаларды оңалту орталығының жалпы сыйымдылығы 750 төсек болатын бес өңіраралық филиалы ашылады.

Шығыс Қазақстан, Абай және Түркістан облыстарында әрқайсысы 300 төсекке арналған көпбейінді ауруханалар салу жоспарланған. Ал Жамбыл облысында 325 төсек-орындық инфекциялық аурухана мен мамандандырылған корпустар бой көтереді.

Министрдің мәліметінше, жаңа нысандардың қатарында 25 амбулаториялық-емханалық ұйым, аудандық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем нысандары, қан орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер бар.

Нәтижесінде медициналық инфрақұрылымның шамамен 1,8 млн шаршы метр аумағын құру және жаңарту, стационарлардағы төсек-орын қорын 9,2 мың төсекке ұлғайтып, жаңғырту, сондай-ақ амбулаториялық көмектің қуатын бір ауысымда 5,3 мыңнан астам қабылдауға арттыру жоспарланып отыр, – деді ведомство басшысы.

Наверх