Бақытжан Базарбектің заңсыз құрылыс бойынша сауалына Бас прокурор жауап берді

22 Мамыр 2023, 14:38
3412
Бөлісу:
Бақытжан Базарбектің заңсыз құрылыс бойынша сауалына Бас прокурор жауап берді
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Депутаттар Қазақстан қалаларында тығыз салынып жатқан құрылыс мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы жағдайға орай Бақытжан Базарбек бастаған депутаттық топ Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.

Құрылыс салушылары еркінсіп кетті, олар заңды белшесінен басып жатыр. Кезінде елімізің қаржы-мәдени орталығы саналған Алматы қазір үлкен құрылыс аумағына айналып кетті. Астанада, Шымкентте, Оралдың сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарында, Атырауда, Ақтауда және Ақтөбеде де жағдай осындай. Компаниялар сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай, эскиздік жобаны келіспей, жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін хабарламасыз, тұрғын үй құрылысына үлестік қаражат тартуға рұқсаты жоқ, нысаналы мақсаты құрылыс салуға арналмаған жерде көп қабатты тұрғын үй кешендерін салып жатыр, - деген еді Бақытжан Базарбек.

Сауалға жауап берген Бас прокурордың айтуынша, қала құрылысы саласында әкімдіктер мен бақылаушы органдар тарапынан тиісті бақылау болмай тұр.

Әкімдік пен құрылыс компанияларының манипуляциясы салдарынан қалаларда жүйесіз құрылыс жүріп жатыр. Бұл қалалық орта мен жасыл аймақтардың тозуына, халықтың өмір сүру сапасының нашарлауына алып келеді. Әкімдіктер жұмысындағы кемшіліктердің бірі - қала құрылысын жоспарлаудың тиімсіз жүйесі. Атап айтқанда, Алматы қаласының бас жоспары 2004 жылы қабылданды. Ол қазіргі уақыт талабына сай емес. Сондай-ақ онда сейсмологиялық қауіп-қатерлер қарастырылмаған. Елорданың бас жоспары да 2001 жылғы, ол сол кезде 1,2 млн адамға есептелген еді. Сондықтан қазір 1,5 млн адамға жеткен қаланың құрылысын тиімді жоспарлауға мүмкіндік болмай тұр. Ақтау, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы жағдай осыған ұқсас, - делінген жауапта.

Сондай-ақ әкімдіктер қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕТЖЖ) сақтамай, жүйелі түрде заң бұзатыны анықталған.

Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Өскемен, Орал және Шымкент қалаларында бас жоспарды бұза отырып, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертудің және ЕТЖЖ түзетулерінің 1 мың дерегі анықталды. Бұл өңірлерде әлеуметтік мақсаттағы объектілер негізсіз алынып тасталған. Бұл ретте мектеп пен ауруханаларда орын тапшылығы мәселесі қоғамда үнемі талқыланып отырады, - деп жауап берді Берік Асылов.

Оның айтуынша, енді қала құрылысын бақылау жүйесін күшейтіледі. Атап айтқанда құрылыс процестерінің ашықтығын белгілеу мақсатында жер учаскесін алған сәттен бастап объектіні пайдалануға бергенге дейін барлық рәсімдерді бақылау және келісу бойынша "бірыңғай терезе" әзірленеді.

Өзгелердің жаңалығы