Банкті лицензиясынан айыру. Депозиттегі ақша қалай қайтарылады

31 Шілде 2023, 20:33
1069
Бөлісу:
Банкті лицензиясынан айыру. Депозиттегі ақша қалай қайтарылады

Пайыздық сыйақы түріндегі табыстылық, қаражатты, оның ішінде «онлайн» режімінде икемді пайдалану шарты халықты ақшаларын банк салымдарында сақтауға ынталандыра түседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдіктер берілгендігін ескерер болсақ, бұл қазіргі уақытта ең кең тараған және ең сенімді инвестициялау құралы.

Қазақстандықтардың жинақ ақшаларын қорғау механизміне келер болсақ, банк лицензиясынан айырылған жағдайда депозиторлардың салымдарда, шоттарда және төлем карточкаларында жатқан қаражаттары заңнамада белгіленген максималды мөлшерде қайтарылатын болады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, заңға сәйкес депозиттер бойынша кепілді өтем төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады және 1 (бір) жыл бойы жүзеге асырылады.

Бұл белгіленген мерзім жеткілікті болып саналады. Өйткені іс жүзінде депозиторлардың көпшілігі өтем ақшаларын төлем басталғаннан кейін, алғашқы айдың ішінде алады.

Айта кетелік, ҚДКБҚ барлық сақтандыру жағдайдарына қатысты өтем төлеу бойынша өз міндеттемелерінің 90%-дан астамын алғашқы үш айдың ішінде-ақ орындайды. Ал кейінгі айларда әдетте өтем алатын депозиторлардың саны азаяды. Сөйтіп негізінен азын-аулық ақшасы бар шоттар ғана қалады. Салымшылар өкінішке қарай, оларды алуға асықпайды. Белгілі бір себептерге байланысты салымшылар өтем ақшаларын ала алмай қалатын да жағдайар да бар, - делінген мәлімдемеде.

Осы себептен 2021 жылдың мамырында депозиторлардың талап етпеген өтем ақшаларын олардың БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) аудару рәсімі енгізілді.

Деректерді салыстыру нәтижелері бойынша:

  • депозитордың таратылатын банктің депозиторлар тізіліміндегі дербес деректерінің оның БЖЗҚ-дағы дербес деректеріне сәйкестігі;
  • депозитордың жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаты;
  • депозитордың БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және (немесе) ЕЗЖ есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттары болған жағдайда оның талап етпеген кепілді өтем сомалары төлем мерзімі аяқталған соң, күнтізбелік 30 күн ішінде оның БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-сына аударылады.

Атап өту керек, салық заңнамасы бойынша салымшының ЖЗШ-сына ЕЗЖ ретінде аударылған, талап етілмеген кепілді өтем сомаларына салық салынбайды. Бұл ақша да басқа зейнетақы жарналары секілді инвестицияланады.

2022 жылы барлық таратылатын 9 банк бойынша төлем мерзімі аяқталған соң, ҚДКБҚ депозиторлардың талап етпеген ақшаларын тұңғыш рет БЖЗҚ-ға аударды. Айталық, салыстыру нәтижелері бойынша 270 мыңнан астам салымшының зейнетақы шоттарына 830,5 млн астам теңге (толығырақ кестеде) келіп түсті. Осы ретте аудару депозитордың еш қатысуынсыз жүзеге асырылатындығын айта кеткен жөн.

Салымшылардың талап етпеген кепілді өтем сомаларын олардың зейнетақы шоттарына аудару бірегей іс-тәжірибе болып саналады. Мысалы, шет елдерде талап етілмеген сомалар муниципалдық бюджетке немесе әлеуметтік немесе қайырымдылық қажеттіліктерге бағытталуы мүмкін. Ал Қазақстанда қолданылатын механизм банк салымшылары алдындағы міндеттемелерді барынша орындауға және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені бұл сомалар олардың өздеріне арналады. Кейін бұл ақшаларды әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамада көзделген мерзімде және тәртіпте алуға болады, - деді ҚДКБҚ Автоматты түрде есепке алуды талдау және төлемдер басқармасының бастығы Алуа Нұртөлеуова.

Айталық, Әлеуметтік кодекске сәйкес ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алуға:

  • 50 жасқа толған;
  • мүгедектігі бар адам болып табылатын;
  • егер заңда және ел ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген болса, Қазақстаннан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар.

Талап етілмеген сомалардың БЖЗҚ-ға аударылғаны туралы ақпаратты, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ мен электрондық үкімет сайттарында ЖЗШ-ның үзінді көшірмесін қарау немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы не болмаса БЖЗҚ-ға тікелей жүгіну жолымен алуға болады.

Дейтұрғанмен төлем мерзімі аяқталса да ҚДКБҚ оны дәлелді себептермен өткізіп алған салымшылардан өтем алу жөнінде өтініштер қабылдауды жалғастыруда. Заңнама жүзінде бекітілген мән-жайлар мына жағдайларды қамтиды:

  • әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
  • депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Бұл ретте салымшының талап етпеген сомасы БЖЗҚ-ға аударылып кетсе де, оның төлем алу бойынша ҚДКБҚ-ға жүгінуіне құқығы бар. Айталық, дәлелді себептердің болғаны расталса, ҚДКБҚ БЖЗҚ-ға тиісті хабарлама жолдайды, ал БЖЗҚ бұрын аударылған қаражатты ҚДКБҚ-ға кері қайтарады. Атап өту керек, бұл жағдайда да салымшы үшін өтем алу мерзімі өзгермейді – ҚДКБҚ депозитордан өтініш пен растаушы құжаттарды алған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде өтем төлеуді жүзеге асырады.

Егер қаржы нарығындағы әртүрлі жағдайлар және БЖЗҚ инвестициялық қызметіне әсер ететін сыртқы мән-жайларға байланысты депозитордың зейнетақы жинақтарының сомасы сол БЖЗҚ-ға кезінде аударылған кепілді өтем сомасынан аз болса, ҚДКБҚ салымшының кепілдіктерге қатысты құқығын қорғау мақсатында оған арнайы резервтің қаражаты есебінен кепілді өтемді толық көлемде төлейді.

Өзгелердің жаңалығы