Банктер халықты белшесінен қарызға батырып отыр. Депутат пайыздық мөлшерлеме туралы

14 Маусым 2023, 15:32
957
Бөлісу:
Банктер халықты белшесінен қарызға батырып отыр. Депутат пайыздық мөлшерлеме туралы
Фото: BAQ.KZ - Архив

Депутат Абзал Құспан халықтың 36 пайызы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Депутат take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болатынын айтты. Дерек көздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 % (2023 жылдың сәуір айы) екені көрсетілген. Айтуынша, Қазақстан 159 елдің ішінде 143-орында.

Әлемнің озық елдерінде, атап айтқанда, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3,75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% пайыз деңгейінде белгіленген.

Енді посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14% пайыз болса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% пайыз деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25% пайызды құраса, Камбоджада 0,88% пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа толы Қазақстан халқы кредитті 16,75% пайыз мөлшерінде неге алады? Бұған не себеп? – деп сұрады Абзал Құспан.

Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Яғни депутаттың айтуынша, онда елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ВТБ Банк пен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыздық ставкасы 21,5% пайызды құрайды. «Банк ЦентрКредит» АҚ – 23,6% пайыз, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7% пайызды, «Kaspi bank» АҚ – 24,4% пайыз, Home credit bank» АҚ 28,5% пайыз көлемінде кредит береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда банктке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз, халықты қанаумен тең ғой! – деп айтты депутат.

Ол халық қарызға белшесінен батып отырғанына тоқталды.

Шын мәнінде, Ұлттық банк жылына 56% пайыздан аспауы керек деген шектеу халықшыл шешім емес. Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім. Соның салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25% пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредит 56% пайызға дейін көтеріп, халықты белшесінен қарызға батырып отыр. Ел арасында «мемлекет кредитті кешіреді екен» деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені кредитін төлей алмай отырған адам көп, - дейді депутат.

Құспанның берген мәліметінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылы 392 мың адам 90 күннен аса уақытта кредитін төлемесе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адам уақытылы кредитін өтей алмағаны белгілі. Ал Мемлекеттік кредиттік бюросының 2023 жылдың сәуір айында жүргізген статистикасына сай, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77% пайызы. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Ал осы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет Қазақстандықтардың несиелері 30% пайызға, яғни 7,7 трлн теңгеге өскен. Яғни елімізде 822 мың адам қарызы бар.

Қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан екі фактор бар. Оның біріншісі, қымбатшылық, екіншісі, жоғары пайыздық мөлшердегі кредит. Қазақстанда 7,1 миллион адам кредитпен күн кешіп жатыр. Яғни халықтың 36% пайызы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі. Біз әлем елдерінің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшерін төмендетуді ұсынамыз. Айналып келгенде, бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болар еді, - деді депутат Абзал Құспан.

Өзгелердің жаңалығы