Ұлттық банктің Антифрод-орталығы алаяқтық операцияларды анықтау және олардың алдын алу бойынша белсенді жұмысын жалғастырып жатыр. Жаңа заңнамалық түзетулер аясында Қазақстандағы қаржы ұйымдары алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтардың қаражатын қайтаруға міндетті болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Антифрод-орталық күмәнді транзакциялар бойынша 80 мыңнан астам инцидентті, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі, есірткі саудасы және қаржы пирамидаларына қатысты шамамен 20 мың жағдайды тіркеген. Орталықтың жедел жұмысының нәтижесінде 2,8 млрд теңге бұғатталып, жарты миллиард теңгеден астам қаражат зардап шеккендерге қайтарылған.
Жаңа шаралар Антифрод-орталықты мобильді операторлар мен кредиттік бюролардың дерекқорларымен біріктіруді көздейді. Бұл алаяқтар пайдаланатын нөмірлер мен өтінімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы ұйымдарына Антифрод-орталық базасына енгізілген тұлғалардың пайдасына міндетті түрде жіберушіні сәйкестендіру талаптарын сақтамай аударым жасауға тыйым салынады.
Енді банктер мен төлем жүйелері алаяқтарға жасалған аударымдар үшін тікелей жауапты болады. Бұл шаралар қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғауды айтарлықтай күшейтіп, қылмыстық схемалардан келетін залалды азайтады, – деп түсіндірді Ұлттық банк.
Сонымен қатар заңнамалық өзгерістер бұғатталған қаражатты қайтару рәсімін жеңілдетіп, Антифрод-орталықтың құқық қорғау органдарымен, оның ішінде Бас прокуратура мен ІІМ-мен өзара іс-қимылын кеңейтеді.
Антифрод-орталық алаяқтыққа қарсы күрес бойынша бірыңғай платформа ретінде жұмыс істейді. Ол қауіптерді нақты уақыт режимінде анықтап, заңсыз қаржылық операциялардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк қазақстандықтар банкаралық аударымды телефон нөмірі арқылы жібере алатынын хабарлады.