Банктер адамдарды «бомждарға» айналдырды – депутат

14 Желтоқсан 2022, 13:03
9674
Бөлісу:
Банктер адамдарды «бомждарға» айналдырды – депутат

Еліміз талай экономикалық дағдарыстан өтті. Адамдар жұмысынан айырылып, несиелерін төлей алмады. Ал біздің банктер не істеді? Олар адамдарды далаға шығарып жіберіп, оларды «бомждарға» айналдырды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу бастамасын ең алғаш болып «Ақ жол» фракциясы 2013 жылы ұсынған болатын. Содан бері біз жыл сайын бұл мәселені қайта көтеріп келдік. Үкімет оған әртүрлі сылтау айтып, кейінге қалдырып келді. Былтыр Президент бұл заң жобасын қабылдау бойынша нақты тапсырма берді. Біз екі рет өзіміздің заң жобамызды да әзірлеп бердік, Үкімет оларды да өткізбеді. Біздің негізгі мақсатымыз несие төлей алмайтын жағдайға душар болған азаматтарға әлеуметтік кепілдікті белгілеу болды. Біздің еліміз талай экономикалық дағдарыстан өтті. Адамдар жұмысынан айырылып, несиелерін төлей алмады. Ал біздің банктер не істеді? Олар адамдарды далаға шығарып жіберіп, оларды «бомждарға» айналдырды, - деді Азат Перуашев. 

Депутаттың айтуынша, XXI ғасырда өркениетті елде өмір сүріп жатқан кезеңде азаматтарды бомждарға айналдыруға жол бермеу керек. 

Отбасы, баласы мен жұмысы барларды «бомждарға» айналдыру дұрыс емес. Бұл - біздің азаматтар, біз мемлекет ретінде олар үшін жауаптымыз. Осы мәселені біз осы заң жобасында да қарастырдық. Көптеген сұрақ талқыланды. Біз бүгін процедуралық рәсімге көп көңіл бөліп кеттік, олардың барлығы қосалқы сұрақ. Ең бастысы - біз өз азаматтарымыздың бомждарға айналуына жол бермеу. Президент бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша тапсырма берді. Мен бизнеспен кім айналысқанын еске салайын. Кезінде олар кепілге пәтерін, үйін қойды. Қазір біз өз азаматтарымыздың баспанаға иелік етуін құқығын қорғамасақ, біз тек ипотека төлеушіден ғана емес, әлеуетті кәсіпкерден айырыламыз, - деді ол. 

Депутат азаматтардың жалғыз баспанасын кепілге қойып, артынан оны алып қою нормасын сынады. 

Азаматтық кодексте жалғыз баспанасынан айырмау туралы норма болды. Бұл норманы алып тастау банктердің мүддесінен шешілді. Былтыр қылмыскер жалғыз үйін алуға келген  5 сот орындаушы мен полицияны атып тастады. Әйел адам тұратын үйі болмағандықтан, өзінің балаларын терезеден лақтыруға мәжбүр болды. Біз осындай әрекеттерге азаматтарды қашанға дейін итермелейміз? Былтыр «Банк және банк қызметі туралы» заң аясында несиенің 90 пайызын өтеген жағдайда «қайта кепілге қою мүмкіндігі бар» деген өте өзекті норманы енгізе алдық. Осы норманы да дәл қазіргідей жағдайда жеңіл шарттармен қолданайық. Егер азамат ипотекасының не болмаса бизнес кредитінің кемінде жартысын жапқан жағдайда, оны жалғыз баспанасынан айырмайық. Не болмаса, оған әлеуметтік баспана беру қажет. Ия, әрине, бұл банктерге жүктеме болады. Бірақ бізде банктер ҚҚС-дан босатылған, онымен қоса, мемлекеттен түрлі қолдау алады. Сол себепті біз осы мәселенің шешімі бар деп ойлаймыз, - деп атап өтті Перуашев Мәжілісте.

Ол адамдарды осындай халге түсіретін нәрсе – ол несиелер бойынша жоғары, миға сыймайтын пайыздар екенін айтты.

Ұлттық банк, сіздер қайда қарап отырсыздар? Ай сайын базалық ставка мөлшерін көбейтесіздер. Қанша қинауға болады? Сіздер адамдарды қандай жағдайға жеткізіп отырғандарыңызды түсінбейсіздер ме? – дейді депутат.

Азат Перуашев жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, заң жобасын қайта қарауды ұсынды.

Коммерциялық банктерге жұмыс істеуді тоқтатып, мемлекетті ойлауға кірісейік. Біз заң жобасын қолдаймыз. Онда көп мәселеге көтерілген. Бірақ жаңа айтылған мәселелерді екінші оқылымда қарауды ұсынамыз, - деп сөзін қорытындылады депутат.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттарға «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігі және банкроттығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы