Балуандарымыз Мысырдағы беделді турнирді сәтті бастады

24 Ақпан 2023, 11:02
866
Бөлісу:
Балуандарымыз Мысырдағы беделді турнирді сәтті бастады
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Мысырдың Александрия қаласында күрестен Олимпиада чемпионы Ибраһим Мұстафа атындағы биылғы 2-рейтингтік турнир басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқы күні грек-рим күресі шеберлері сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантты.

Балуандарымыз Мысырдағы беделді турнирді сәтті бастады

Әуелі 55 келіге дейінгі салмақта Ұлттық құраманың 3 балуаны тұғыр биігіне көтерілді. Аманғали Бекболатов пен Марлан Мұқашев арасында финалда алғашқысы мықты болып, жеңімпаз атанды. Ал тағы бір отандасымыз Исхар Құрбаев қола медаль үшін таласта 2019 жылғы әлем чемпионы, грузиялық Нугзари Цурцумияны 7-3 есебімен жеңді. Күміс жүлдегер атанған Марлан алғашқы айналымда дәл осы Нугзариді ұтқан.

Марлан – жуырда Алматыда өткен күрестен ел Спартакиадасының жеңімпазы.

Балуандарымыз Мысырдағы беделді турнирді сәтті бастады

Сосын 60 кг дейінгі салмақта Ернар Фидахметов финалда түрік балуаны Керем Камалға есе жіберіп, күміс медальге ие болды. Ал 63 кг дейінгі салмақта екі қазақстандық – Дастан Зарлыханов пен Мұхаммедәлі Мамырбек қола үшін күрескен. Жеңіс Дастанның уысында кетті.

Балуандарымыз Мысырдағы беделді турнирді сәтті бастады

Мерей Бекенов (67 кг) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, Қазақстанға 2-алтынды сыйлады. Шешуші айқаста ол грузиялық Джони Хецурианиді ұтты. Аса ауыр салмақтағы ел чемпионы Әлімхан Сыздықов қырғызстандық Роман Кимді жеңіп, қола медаль алды. Қазір Ұлттық құрама еншісінде 2 алтын, 2 күміс пен 3 қола медаль бар. Грек-рим күресінен қалған 3 салмақтағы жүлдегерлер ертең анықталады.

Өзгелердің жаңалығы