Қазақстанда 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіру көлемін 1,5 есеге, ал мыс өндірісін екі есеге арттыру жоспарланған. Осы мақсатта Балқаш пен Ақтоғайда әрқайсысының қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, ел ішінде шикізатты терең өңдеуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта заңнаманы жетілдіру және жаңа өндірістік қуаттарды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде.
Атап айтқанда, мыс концентратын өңдеуді ынталандыру үшін тарифтерді мемлекеттік реттеу туралы заңнамаға түзетулер әзірленген.
Ал жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыру аясында Балқаш пен Ақтоғайда екі мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Әр зауыттың қуаты 300 мың тонна болмақ.
Көксай мен Айдарлы жобалары шикізат көлемін ұлғайтады
Мыс саласын дамыту аясында Көксай және Айдарлы жобалары да іске асырылады. Министрдің мәліметінше, бұл жобалар қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруге мүмкіндік береді.
Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіруді 1,5 есеге, ал мыс өндіруді екі есеге арттыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде дайын мыс өнімдерін шығаруды екі есеге арттырып, 40 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Осылайша, жоспарланған жобалар шикізат өндірумен қатар, оны ел ішінде өңдеу және дайын өнім шығару көлемін ұлғайтуға бағытталған.