Баласын үйде жалғыз қалдырып кеткен ата-аналар қандай жазаға тартылады?

30 Мамыр 2022, 11:56
2059
Бөлісу:
Баласын үйде жалғыз қалдырып кеткен ата-аналар қандай жазаға тартылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы онлайн брифингінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалин журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Балаларын үйде жалғыз қалдырып кеткен ата-аналар жауапқа тартыла ма? – деп сұрады БАҚ өкілдері.

Үйде жалғыз қалған бала терезеден құлап кетсе, оның ата-анасын жауапқа тартуға бола ма?

Баланы қауіпте қалдырып кеткені үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 19-бабы бойынша жауапқа тарту қарастырылған. Өмірі мен денсаулық жағдайына қауіп төнген адамды көмексіз қасақана тастап кету жауапкершілікке тартудың негізгі алғы шарты екенін атап өткім келеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, кінәлінің жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпін сезінуі керек, - дейді полицей.

Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығы орынбасарының айтуынша, жауапкершілік жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты болады.

Қылмыстық кодексте айыппұл төлеу, түзеу жұмыстары түрінде жаза бар. Ал ауыр дене жарақатын келтірген жағдайда бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деп түсіндіріп өтті Жасұлан Жұманалин онлайн брифингте.

Өзгелердің жаңалығы