«Balapan» телеарнасына ребрендинг жасалды

1 Маусым 2022, 12:16
2751
Бөлісу:
«Balapan» телеарнасына ребрендинг жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы «Balapan» телеарнасы бүгіннен бастап жаңа логотиппен эфирге шықты. 

Жаңа брендбукке сәйкес, «балапандар» өсіп, тілі шыққан, яғни, енді балалармен сөйлесе алады. Арнаның бейнесі 4 түрлі мінезбен ерекшеленеді. Балапандар білімпаз, өнерпаз, спортқұмар және ерке.  Әрбір сипаты заманауи балалардың қызығушылығы мен мінезін бейнелейді. Кішкентай көрермендер жаңа образдардан өздерін танып, виртуалды «дос» таба алады, - дейді арна мамандары.

Логотиптен бөлек, телеарнаның эфирі ID-роликтермен толықтырылып, заманауи аранжировкада жазылған аудио-роликтермен сүйемелденеді. Эфирді безендіруге арналған музыканы композитор Ермек Елгезеков жазып шықты.  Ал жаңа әнұран авторлары – композитор Серікжан Әбдінұров пен ақын Олжас Қасым.

Телеарна  ребрендингіне дайындық жұмыстары жарты жылға созылды. Жаңа логотипті жасауға еліміздің үздік дизайнерлері қатысып, арнайы фокус-топтар құрылды. Бұдан бөлек, арна аудиториясы – балалардың және ата-аналардың қалауын  жан-жақты зерттеуді қамтыған статистикалық мәліметтер жинақталды. Ребрендинг жасау барысында логотиптің түсі мен қаріпіне де ерекше көңіл бөлінген.

«Balapan» телеарнасы жаңа телемаусымда 22 жоба ұсынады.Оның ішінде анимациялық сериал мен 13 тележоба бар. Сондай-ақ шығармашылық ұжым телеарнадағы тікелей эфирді қайта жаңғыртып, «Кім тапқыр?» бағдарламасын жаңа форматта ұсынбақ. Көрерменмен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама аптасына 5 рет – дүйсенбі мен жұма аралығында эфирге шығады.

Өзгелердің жаңалығы