«Balapan» арнасындағы әр жобаның өз мақсаты бар - Мақпал Жұмабай

18 Наурыз 2021, 19:45
1397
Бөлісу:
«Balapan» арнасындағы әр жобаның өз мақсаты бар - Мақпал Жұмабай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Balapan» телеарнасы еліміздегі анимация өндірісінің негізгі бөлігін жүзеге асырады. Бұл туралы арна басшысы Мақпал Жұмабай мәлімдеді.

Бұған дейін айтып та, жазып та жүргеніміздей, «Balapan» еліміздегі анимация өндірісінің негізгі бөлігін жүзеге асырады. Отандық анимация өндірісін сандық әрі сапалық тұрғыда дамыту жолында едәуір тер төктік. Жұмысымызға уақыт өткен сайын салмақ, жылдамдық пен жаңашылдық қосуға тырысып келеміз - дейді ол.

Сонымен қатар Мақпал Жұмабай биыл жарыққа шығатын анимациялық сериалдарды да тақырыпты тұрғыда барынша байытуға тырысқанын атап өтті.

Нақтырақ айтсам, түрлі жанрлар мен жан-жақты тақырыптарды қамтыған жалпы саны 23 анимациялық жоба (бұл көрсеткіш ұлғаяды) түсіріле бастады. Бұл жобалардың әрқайсының өзіне ғана тән ерекше мақсаты мен жаңалығы бар. Осы ретте биылғы жылдың ең мерейлі датасы – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сүйекті жобаларға жекелей тоқталып өтсем деймін. Бабаларымыздың ерлігі, рухы, асқақ армандарынан сыр шертетін «Алтын кілт», халық ауыз әдебиетінің бай әрі көне жанрларының бірі – батырлар жырының негізінде жасалатын «Ер Тарғын» (Осыған дейін «Алпамыс» эфирге шықты, «Қобыланды» түсіріліп, эфирге жоспарланған), Халық Қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жайлы «Бауыржан» және даналығы мен қайсарлығы арқылы құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген «Сұлтан Бейбарыс», өзі жасаған ғарыш кемесімен аспан әлемін зерттеуді мақсат тұтқан өнертапқыш бала туралы «Ғарышкер Жігер», нағыз суперқаһарманға айналып, жақсылық үшін күресетін кішкентай қыз жайлы «Жібек», қазақ халқының ұлттық аспаптарын «тірі» кейіпкерге айналдыратын «Әсем әуен» және өскелең буынға күйдің маңызын, құдіретін түсіндіретін «Күй қанатында» (бұған дейін 20 күйді анимациялаған «Қоңыр қаз» жобасы жүзеге асқан болатын) анимациялық сериалдары қолға алынды - дейді Мақпал Жұмабай.

«Balapan» арнасындағы әр жобаның өз мақсаты бар - Мақпал Жұмабай

Бұл жобалардан бөлек, қазіргі заман балаларының қажеттілігін жан-жақты әрі жас категориясына сай қамтитын ондаған мультхикаялар да бар. 

Олар туралы да жазып-айтып отыруға тырысамын. Қазіргі күні біздің телеарнамыз еліміздегі барлық анимация мамандарын ортақ іске жұмылдырып отыр. Мультфильм жасау ісіне ғалым, музыкант, жазушы, актер сынды көптеген сала мамандары тартылады. Қиял-ғажайып туындыға дейін ғалымдардың кеңесіне жүгінеміз. Сапалы ұлттық контент жасау, осы жолда мамандарды шыңдау, ортақ ойға біріктіру – «Balapan» телеарнасының мақсаты. Өздеріңіз байқағандай, бұл жобалардың бәрі де – біздің тарих пен болашақ алдындағы жауапкершілігімізді еселейтін, барынша зерттеп, зерделеп, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, барлық ынта-жігерімізді арнауды талап ететін маңызды дүниелер. Сондықтан осы жолда талмай еңбектеніп жатқан әріптестеріме сәттілік пен күш-қуат тілегім келеді! - дейді арна басшысы.

Өзгелердің жаңалығы