Баланың ертеңіне арнап қандай инвестициялар салуға болады? Жалпы, неден бастау керек? BAQ.KZ тілшісі қаржыгерлердің пікірін білді.
Қаржыгер Әсемгүл Бердіғалиева «балаға арнап, ұзақ мерзімді инвестиция салу дұрыс па» деген сауалға жауап берді.
Негізі әке-шеше баланың білімі мен қабілеттерін дамытуға инвестиция салуы керек. Өсіп келе жатқан баланың қалыптасуына және денсаулығына жұмсалған қаржы бекер кетпейді. Ал, ұзақ мерзімді инвестицияларда тәуекел көп. Өйткені бала өскенше құнсызданып, құлдырап кетуі ғажап емес. Білімге салынған инвестиция балаға екі еселеніп қайтады. Сондықтан бірінші кезекте, баланың тұлға болып қалыптасуына ақша жұмсау керек, - деді Бердіғалиева.
“Қарызсыз қоғам” жобасының қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев та баланың жан-жақты дамуына ақша салу керегін айтады.
Ата-ана ең алдымен перзентінің жан-жақты дамуына инвестиция салу керек. Спорт, музыка, түрлі үйірмелерге беру арқылы баланың бар уақытын пайдалы істермен қамтығандары жөн. Әрине, отбасылық шағын тірліктерге де тарту керек, - деді Мыңбаев.
Мыңбаевтың айтуынша, баланы 7 жастан бастап ұсақ-түйек заттарды есептеп үйрету керек.
7-13 жас аралығында отбасылық шағын сатып алуларды (еск - нан, сүт әкелу секілді) жасату арқылы балаға жайлап ақша жаратуды сеніп тапсыра бастау керек. Ал, қаржы мәселесі бойынша отбасылық кеңестерге 13-тен асқан соң толыққанды қатыстырып, олардан да кеңес алып, бірге шешіп отырған дұрыс деп есептеймін, - деді сарапшы.
Ал, Әсемгүл Бердіғалиева баланы отбасылық бюджеткен араластырып, алаңдатпау керек дейді.
Меніңше, ата-ана қаржыны жоспарлаған кезде баланы араластырмау керек. Дегенмен балаға қатысты жоспарды айтуға болады. Ата-ана не үшін кейбір шығынды тоқтатып, кейбірін көбейткенін түсіндіруге тиіс. Баламен ашық сөйлесіп, оның ойын тыңдауымыз керек. Дегенмен бағыт-бағдар беретін өзіңіз бергеніңіз абзал. Сондықтан отбасылық бюджетті жоспарлаған кезде баланы қасыңызға алмаңыз, - дейді қаржыгер.
Мыңбаев отбасылық өмірде айтылатын «Күйеуінің тапқаны ортақ, ал әйелдікі – тек әйелдікі» деген фразаға қарсы екенін айтты.
Отбасылық бюджетті, әрине, бірге отырып ақылдасып шешкен дұрыс. Соңғы кездері кейбір жастарымыздан «Күйеуінің тапқаны ортақ, ал әйелдікі – тек әйелдікі, оны күйеуі білуі де шарт емес» деген секілді пікірлерді естіп жүрміз. Ол отбасылық өмірге сызат түсіретін пікір, шын мәнінде олай жасалатын болса, онда олар ерлі-зайыпты емес, әшейін бірге тұрушылар. Ерлі-зайыпты жандар ортақ мүлкі бар, ортақ перзенттері бар, ортақ арман-мақсаттары бар, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көтеретін жандар, - дейді Дулат Мыңбаев.
Бердіғалиев елімізде студенттердің қаржылық сауатын арттыру керек дейді. Өйткені қарызға батып, алаяқтарға алданатындардың қарасы студент жасындағы жасөспірімдер.
Ең бірінші - қаржыны басқарып үйренуге тиіс. Яғни адам жұмсаудан бөлек, әрбір шығынын есептей білуі қажет. Қаржыны игеру - бұл қабілет. Студент өзінің өмір сүруіне қанша ақша кететінін біліп, оны жоспарлы түрде жұмсауы керек. Қазір қаражатты бақылауда ұстауға көмектесетін көптеген қосымша бар. Дегенмен, қаржыны басқаратын қабілетті арттыратын білім алып, іс-жүзінде қолданған жөн. Егер сол қаржының негізін меңгерсе, ол өмірбойы көмектеседі. Мәселен, студент бір айда қанша ақша жұмсайтынан есептеп, өзінің шығысы мен кірісін салыстыруы керек. Егер жетіспей жатса, табыс көзін арттыруды ойлау керек. Әр күн жұмсаған ақшасын жазып отыруға тиіс. Жазу арқылы жоспар тиімді құрылады. Әр адам қаржы арқылы іс-әрекетін басқара алатынын түсінуі қажет, - деді сарапшы.
Қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев жасөспірімдер тез баюды ойламау керегін айтады.
Студенттік дәуір – ерекше бір этап. Ата-ананың қаржылай қолдауымен қатар, көптеген студенттер қосымша кіріс көздерін тауып,әрекеттерін жасап жатады. Ең бастысы, кірістері мен шығыстарын толық бақылауда ұстауды үйрену керек. Бей-берекет сатып алулардың соңы қаржылық кризиске соқтыратынын естен шығармағандары дұрыс. Сонымен қатар оңай жолмен (еск- ставка тігу, дропперлік схемалар арқылы т.б) тез байимын деген ойлардан да аулақ болғандары дұрыс, - дейді Мыңбаев.