Баланы кітапқа баулу үшін ата-ана кітап оқуы керек – KitapFestKids бас үйлестірушiсi

1 Қараша 2022, 16:17
1957
Бөлісу:
Баланы кітапқа баулу үшін ата-ана кітап оқуы керек – KitapFestKids бас үйлестірушiсi
PHOTO

5 қарашада Алматыда  Forum сауда ойын-сауық орталығында KitapFestKids кітап фестивалі өтеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «BAURZHAN foundation» қоры ұйымдастырып жатқан ауқымды шара алдында BAQ.KZ тілшісі фестивальдің бас үйлестірушiсi Майра Әлжановамен сұхбаттасты.

Kitapfest кітап фестивалі – 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәдени-бұқаралық іс-шара. 8 жылда танымал қазақстандық авторлар мен баспагерлердің қатысуымен 150-ден астам кітаптың тұсаукесері өткен. Фестиваль шығармашылық жазушылар кездесулерінің ауқымды әрі бірегей алаңына айналды. Биылғы Kitap Fest kids фестивалі балалар жылына арналды.

– Kitap Fest Kids фестивалінің мақсаты қандай?

– Kitap Fest – қазақстандық жазушыларды, авторларды, баспагерлерді, кітап дүкендерін, жалпы кітапсүйер қауымды бір жерге тоғыстыратын керемет шара. Фестиваль сегізінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Жалпы мақсаты – қазақстандық авторлар мен жазушыларды қолдау, оларға еңбектерін көрсететін осынадй алаң ұсыну және жалпы кітап оқуды насихаттау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл балалар жылы болып белгіленгендіктен балалар әдебиетіне үлкен көңіл бөліп отырмыз. Фестиваль аясында балалар әдебиетімен айналысатын баспагерлер мен жазушылардың кітаптарының тұсаукесерін жасаймыз. Балаларға арналған ауқымды бағдаралмамыз бар. «Баланың дамуына, оның кітапқа деген сүйіспеншілігін ашуға не істеуге болады?» деген сұрақ төңірегінде талқы жасайтын кәсіби мамандарды шақырамыз. Сондықтан фестивальдің кітапқа байланысты қамтитын бағдарламасы өте кең.

Баланы кітапқа баулу үшін ата-ана кітап оқуы керек – KitapFestKids бас үйлестірушiсi

– Фестиваль бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз. Қандай іс-шаралар өтеді? Балаларды фестивальде қандай қызықтар күтеді?

– Фестиваль бағдарламасы өте ауқымды. Бағдаралмаға кітапқа қатыстының барлығын қосуға тырыстық. Қазақстандық авторлармен кездесулер, кітап тұсаукесерлерін өткіземіз. Осы салада жұмыс істейтін баспагерлер, мамандар, психологтардың қатысуымен жалпы балалардың дамуына әсер ететін кітапқа деген сүйіспеншілігін қалай оятуға болатыны жайында кездесу өткіземіз. Ата-аналар келіп тыңдаса болады. Балаларға да қызықты болады деп ойлаймыз. Kitap Fest аясында ең үлкен кітап жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеге келген қонақтарға кітап дүкендері мен баспагерлер, кітап авторлары атынан 20 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынылады. Кітап алмасу шарасында оқыған кітаптарыңызды әкеліп, басқалармен ауыссаңыз болады. Фестиваль аясында балаларға арналған ойын бағдарламалар бар. Алты жастан алпыс жасқа дейінгі қонақтар үшін қызық бағдарламаларға фестиваль болмақ. Сондықтан бүкіл отбасымен келіңіздер.

– Кітап жәрмеңкесіне қандай баспалар, дүкендер қатысады? Фестиваль аясында қандай балалар кітаптарының тұсауы кесіледі? 

– Кітап жәрмеңкесі ең ірі кітап дүкендері мен баспагерлер, сонымен қатар авторлар қатысады. Meloman, Flip.kz, «Эрудит», «Мама, почитай» сияқты үлкен баспагерлер мен кітап дүкендері қатысады. «Аруна» сынды балалар кітабын шығаратын баспалар да қатысады. Фестиваль аясында жаңа авторлардың еңбектерінің тұсаукесері өтеді. Атап өтер болсам, Гүлжан Сәрсенованың үш тілде шыққан «Бөлісу деген бақыт» атты балаларға бір-бірімен бөлісудің, жылы қарым-қатынас көрсету керек екенін баяндайтын балалар әдебиеті, Лилия Клаус пен Зира Наурызбаеваның «Бату мен оның достары» атты еңбегі, балалар жазушысы Гүлнар Жандыбаеваның «Чудесная фауна» еңбегі, Тоня Шипулинаның «Шыбын» атты жаңадан шыққан еңбегінің тұсаукесері өтеді. Қазақстанның белгілі жазушыларының бірі Ермек Тұрсынов оқырмандармен кездесіп, «Пурпурная лошадь» жаңа еңбегі туралы хабарлайды. Бақытжан Бұқарбай бір жылда қалай баспаналы болғаны жайлы кітабын айтып өтеді. Досым Сәтпаев сынды авторлар келіп, оқырмандармен кездесу өткізеді. 

Баланы кітапқа баулу үшін ата-ана кітап оқуы керек – KitapFestKids бас үйлестірушiсi

– Кейінгі жылдары Қазақстанда баспа ісі дамып, жаңа авторлар шығып жатыр. Осы тенденцияны сақтап қалу үшін не істеу қажет?

– Біздің автрларға, жазушыларымызға өздерін көрсететін, оқырмандарымен кездесіп, еңбектерін таныстыра алатындай алаң жасау керек. Өйткені олардың еңбектерін бірі білсе, бірі білмейді. Сонымен қоса авторларды, жазушыларымызды қолдау мақсатында еңбектерін медиада, әлеуметтік желілерде айтып, балаларымызға оқытып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Соның арқасында балалар жазушылары мен балалар әдебиеті көбейеді деп ойлаймын.

– Kitap Fest бағдарламасында Open Talks-та қандай тақырыптар қозғалады? Мұндай форматтағы талқылар не үшін маңызды? 

– Open Talks форматында кітап туралы жазушыларға, ата-аналарға қызық тақырыптар қозғалады. «Балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалай арттыру керек?», «миллениалдар не оқиды?», «өз ертегіңді қалай жазсаң болады?» атты мастер-класстар, өте маңызды талқылулар өтеді. Баспа және аударма ісі бойынша мамандар workshop өткізеді. Steppe&World баспасы Хәрри Поттерді талқылайды. Баспаның бас редакторы Назгүл Қожабек Хәрри Поттерді қазақ тіліне аударудың қызығы мен қиындығы жайлы айтады. Бұл талқылаулар неге маңызды? Фестивальге баласының әрі қарай дамуына үлкен көңіл бөлетін ата-аналар, ертең жазушы боламын деген мамандар, жаңадан шығып келе жатқан жазушылар келеді. Оларға осылай ой алмасу, жаңа ақпарат алып кету өте маңызды. Сондықтан өзекті тақырыптарға ашық талқылар өткізіліп тұру керек деп ойлаймыз.

– Мұндай шаралардың қоғамда маңызы қандай? 

– Жалпы Kitap Fest Қазақстанда осындай ауқымда өткізілетін жазушыларға арналған жалғыз алаң. Жазушыларымыздың, баспагерлеріміздің жаңадан шыққан еңбектерін осындай іс-шараларда қарапайым халық көріп білмесе, қайдан біледі? Осындай іс-шаралар арқылы жазушыларымызды, баспагерлерді қолдайтынымызды көрсетіп, олардың еңбектерін насихаттауымыз керек. 

– Балаларды кітапқа баулу үшін не істеу қажет?

– Балаларды кітапқа баулу үшін ең алдымен отбасы үлгі көрсетуі қажет. Ағылшындарда осындай жақсы сөз бар: «Балаңның қандай болғанын қаласаң – өзің сондай бол» дейді. Ата-ана тәжірибесін өз үлгісімен көрсетпесе, бала ешқашан да ата-анасының айтқанын жасамайды. Жасаса да шын ықыласпен, үлкен көңілмен емес. Сондай жақсы іске, әдетке айналмайды. Сондықтан балаңыз оқымысты, ақылды, жан-жақты болсын десеңіз алдымен ата-ана, әжесі, ағасы, досы оқуы керек. Қоғамның жақсы болғанын қаласақ, өзімізден бастауымыз керек. Балалар өз әдебиетімізді оқысын десек қазақстандық авторлардың еңбектері көп болуы қажет. Жазушылар арасында да бәсеке болуы керек. Осындай шаралар көптеп өткізілгені жөн. 

Өзгелердің жаңалығы