Баланы балалардың зорлауы көбейіп барады – адвокат

5 Шілде 2022, 15:36
1439
Бөлісу:
Баланы балалардың зорлауы көбейіп барады – адвокат
Фото: Егемен Қазақстан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адвокат Айман Омарова балалар арасындағы суицид пен оларға жасалатын зорлық-зомбылық жайлы баяндады.

Оның айтуынша, Қазақстан суицид бойынша әлемде алғашқы орында, оған қоса зорлық-зомбылық көрсетуден де алғашқы орында, тек қылмыстың көбі тіркеуге алынбайтын көрінеді. Адвокат мұндай жаман көрсеткіштер көп жағдайда тіркеуге алына бермейтінін айтады.

Балаларға қатысты болып жатқан зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Ондай қылмыстың барлығы неліктен болып жатқанын тексеріп, зерттеп, кейін оның алдын алу шараларын іске асыру керек. Осындай іспен жұмыс істеп жатқан адвокаттар көп жағдайда мәліметті көпшілікке айтудан қашады. Оның арты кейін үлкен дауға ұласып, журналистер баланың немесе ата-ананың түрін көрсетіп қоятын жағдай болады. Сондықтан ондай істе үндемей қалуға болмайды,-дейді ол.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдар балаларға жасалған зорлық-зомбылық ісіне тиісті деңгейде назар аудармай отырғанын мәлімдеді.

Мәселен, суицид жағдайын құқыққорғау органдары оны амал жоқ тіркейді. Баланың өлімге не итермелегенін де ашық айтпайды. Сайып келгенде суицид зорлық-зомбылықпен байланысты, яғни, зорлықтың салдары. Зорлық, қысымның түрлері көп, дегенмен суицид зорлық салдарынан болады. Егер зорлық-зомбылықпен күреспесеңіз, суицидпен күресіп жатырмыз деп қайтіп айтасыздар? Суицидтің түп-төркіні зорлықта жатыр, алдымен соны шешу керек. Кейбір депутаттар интернетті өшірейік дейді, ол да мәселені шешпейді,-дейді А. Омарова.

Сонымен қатар ол баланы зорлағаннан да қорқынышты жағдай барын айтты. Ол баланы – балалардың зорлауы, дейді ол. Адвокат қазір Қызылорда облысында зорланған жасөспірімнің құқығын қорғаумен айналысып жатқанын айта келе, құқық қорғаушылар бұл істі бүркемелеп отырғанын жеткізді.

Тергеушілер зорланған баланың ісін 140 баптың 2 бөлігі бойынша тіркеген, бұл дұрыс тәрбие бермегені үшін ата-ананы жауапқа тарту. Баланы 14 жасқа толмаған жасөспірімдер зорлағаны туралы айтылған видеолар бар, алайда оның барлығы тіркеуге алынбаған. Алдымен тергеу жүргізілу керек, содан кейін барып қана кәмелет жасына толмағандарға қатысты жаза шығарылу қажет. Егер жақсылап тексерсе ол мектепте балаға зорлық көрсеткен басқа да балалар анықталар еді. Одан бөлек мектеп мұғалімдері мен басшылығын да жауапқа тарту керек, олар зорлық жайлы білмеуі мүмкін емес, -дейді адвокат.

Айман Омарова дәл осындай жағдай Алматы мен Шығыс Қазақстан облысныда да болғанын мәлімдеді. 
 

Өзгелердің жаңалығы