Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында азаматтардың балансында ақша болмаса да, мемлекеттік сайттарға кіруіне мүмкіндік беретін жаңа норма ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, бұл бастама цифрлық мемлекет құрудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Бұл мәселе де талқылаудан өтті. Бірақ операторлар тарапынан қатты қарсылық болған жоқ. Өйткені олардың өздері де түсініп отыр: егер біз үш жыл ішінде цифрлық мемлекет құрамыз десек, Президент қойған міндеттерді орындаймыз десек, жасанды интеллект дамыған елге айналамыз десек, онда ең алдымен цифрлық қолжетімділік болуы керек. Ал цифрлық қолжетімділік ең бірінші мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктен басталады, – деді депутат.
Оның сөзінше, қазір Қазақстан электронды құжаттарды қолдану жағынан әлемдегі алдыңғы елдердің қатарына кіреді. Алайда интернет балансы болмаған жағдайда азаматтар eGov жүйесіне кіре алмайтын жағдайлар кездеседі.
Қазір біз электронды жеке куәлік пен паспортты онлайн көрсетіп жүрміз. Бұл жағынан әлемдегі алдыңғы елдердің біріміз. Бірақ кейде мынадай жағдай болады: әуежайда немесе вокзалда тексеру аймағына келдіңіз, сол сәтте балансыңыз минус болып тұр, ал толықтыруға мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда eGov порталына кіру қиын болатын, – дейді ол.
Жаңа нормаға сәйкес, азаматтар балансы минуста болса да негізгі мемлекеттік сервистерді тегін пайдалана алады.
Енді жаңа норма бойынша, балансыңыз минуста болса да, мемлекеттік сервистерге тегін кіруге мүмкіндік беріледі. eGov, мемлекеттік өтініштер, салық және мемлекеттік қызметтердің негізгі бөліктері қолжетімді болады. Қазіргі таңда 7 сайт пен қызмет түрі анықталған, – деді Әбутәліп Мүтәлі.
Сонымен қатар министрлік алдағы уақытта тегін қолжетімді сервистер тізімін кеңейтуі мүмкін.
Қалған сервистерді министрлік кезең-кезеңімен өз жоспарына сәйкес қосып отырады. Халықтан да ұсыныстар түсіп жатыр. Мысалы, білім беру платформалары – Kundelik, университеттердің Office Registrar жүйелері сияқты сервистерге де тегін қолжетімділік болса деген өтініштер бар. Студенттер тапсырмасын қарап, оқу процесіне кіре алатындай болуы керек дейді. Бұл мәселелерді министрлік халыққа қаншалықты қажет екенін ескеріп, қосымша қарайтын болады. Иә, кеңейеді, – деп түйіндеді депутат.