Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру: Оқу-ағарту министрі БҰҰ өкілімен кездесті

Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесіндегі негізгі өзгерістерді және 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының басым бағыттарын таныстырды.

 Оқу-ағарту министрлігі 26 Қазан 2026, 22:52
26 Қазан 2026, 22:52
175
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті. Тараптар балалардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты.

Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесіндегі негізгі өзгерістерді және 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының басым бағыттарын таныстырды.

Тараптар өңірлік бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын жетілдіру, психологиялық қолдау орталықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту жолдары қарастырылды.

Кездесу барысында зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, білім беру ұйымдарында психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балалардың көмекке жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсететін «111» байланыс орталығының маңызы сөз болды.

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалардың құқықтарын қорғауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық әрі институционалдық реформалар жүзеге асырылып жатыр.

Наверх