Балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтары электронды лицензиялауға көшті

Жаңа қызмет электрондық лицензиялау жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

 depositphotos.com Кеше 2026, 23:27
Кеше 2026, 23:27
157
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау рәсімі толық цифрлық форматқа ауыстырылды. Енді ұйымдар лицензия алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ, өтінімді онлайн түрде бере алады.

Жаңа қызмет электрондық лицензиялау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ұйымдар өтінімді eLicense.kz порталы арқылы жолдап, қажетті құжаттарды қоса тіркей алады. Бұл рұқсат алу рәсімін жеңілдетіп, уақыт пен әкімшілік шығындарды қысқартуға, сондай-ақ процестің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылдан бастап елімізде балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті лицензиялау енгізілді. Осыған байланысты заңнамадағы «балалар сауықтыру лагері» ұғымы «балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығы» терминімен алмастырылды. Бұл өзгеріс ұйымдардың тек демалыс пен сауықтыруды ғана емес, білім беру қызметтерін де қамтитынын көрсетеді.

Лицензия алу үшін ұйымдар порталдағы «Білім беру» бөлімінен тиісті қызмет түрін таңдап, қажетті мәліметтерді енгізуі, мемлекеттік баж салығын төлеуі және өтінімді электрондық цифрлық қолтаңбамен растауы қажет. Лицензия бес жыл мерзімге беріледі, ал өтінімді қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылады.

Жаңашылдық жыл бойы және маусымдық негізде жұмыс істейтін орталықтарға қатысты. Лицензиялау талаптары медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастырылуын, қауіпсіздік жүйелерінің болуын, бекітілген білім беру-сауықтыру бағдарламаларын іске асыруды, санитарлық нормалардың сақталуын және балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қажетті инфрақұрылымның болуын қамтиды.

Аталған цифрлық қызмет ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.

Наверх