Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Елде емдеу мүмкіндігі болмаған жағдайда балалар «Шетелде емделу» бағдарламасы шеңберінде ем алады. 2021 жылдың ішінде жалпы сомасы 860 млн теңгеден астам қаражатпен 84 бала қамтылды. Оның ішінде 61 бала шетелдік клиникаларға жіберілді (оның 75%-ы онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар балалар), 23 бала отандық медициналық ұйымдарда шетелдік мамандар тартыла отырып, шеберлік сағаты шеңберінде емделді, - деп атап өтті министр.
Айта кетерлігі, 3 жыл ішінде 200-ден астам бала шекара асып дертіне дауаны тапқан.
Үш жыл ішінде 212 бала шетелде емделді. Шетелде емделуге мұқтаж пациенттердің жалпы санының 70%-ы онкология, трансплантология, тамыр хирургиясы, ортопедия, реконструктивті операциялар, кардиохирургия бағыттары бойынша ем алды, - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, балалардың ауруларын ерте қамту және диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілген.
Ол жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына жеткенге дейін әрбір баланы кешенді бақылаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Неонаталдық скринингпен 445 212 бала қамтылды. Фенилкетонуриясы бар 231 бала, туа біткен гипотиреозы бар 3 549 бала анықталды. Аудиологиялық скринингпен 1,6 млн бала (75,6%) қамтылды. 1-2 дәрежелі құлақ мүкістігімен 625 бала, 3-4 дәрежелі құлақ мүкістігімен 646 бала анықталды. Оның ішінде 235 балаға кохлеарлық имплантация жасалды. Психофизикалық скринингпен 1,7 млн астам бала қамтылды, - деді министр.
Белгілі болғандай, психофизикалық дамуында ауытқулары бар 13 863 және есту қабілеті бұзылған 1232 бала одан әрі түзету үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жіберілген. Офтальмологиялық скринингпен дене салмағы 500 гр бастап өте төмен туған 6532 бала қамтылып, 273 шала туған балаға ота жасалған.