Балалар сабақты бір телефонмен кезектесіп оқиды – көпбалалы ана

24 Сәуір 2020, 20:00
2536
Бөлісу:
Балалар сабақты бір телефонмен кезектесіп оқиды – көпбалалы ана

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Шахтинск қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Гүлбахар Жүзжасарова балаларының сабақ оқуда қиналып жүргендігін айтады. Мектептен берген ноутбук дұрыс жұмыс істемегендіктен балалар сабақты кезектесіп оқуға мәжбүр.

Облыстың білім басқармасының мәліметінше, мектеп қорынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға уақытша пайдалануға компьютерлер, ноутбуктер мен планшеттер берілген. Бұл үшін бюджеттен 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Дегенменде, ата-аналар оқушы балалардың сабақ оқуында қиындық туып отырғандығын айтады.

Алла берген 5 балам бар. Үлкені 15 жаста. Кішісі әлі екіге толған жоқ. Өзім бала күтіміне байланысты үйдемін. Төрт балам мектеп оқушысы. Сабақ оқуда қиналып жүр. Бір телефоннан кезек кіріп оқиды. Мектептен уақытша бір ноутбук берген. Бірақ ескі болғандықтан ба қолдана алмай қойдық. Келесі аптада мектепке қайыра апарып беремін, - дейді көпбалалы ана.

Гүлбахар Жүзжазасарованың күйеуі «Қарағанды Жарық» мекемесінде жұмыс істейді. Сол мекеме төтенше жағдай кезінде көпбалалы отбасыға қарайласып, азық-түлікпен көмек көрсеткен екен.

Ол кісілерге Алланың нұры жаусын. Қажетті біраз азық-түлігімізді әкеліп берді. Балалар күні бойы үйде болған соң ба тамақ та өте көп кетеді. Жолдасым жұмыс істеп жүр. Уақытылы жалақысын алады. Басқа мемлекеттен алған көмегіміз жоқ. Өзіміз ел қатарлы атаулы әлеуметтік көмекті аламыз. Сондықтан да 42500 теңгеге өтінім берген жоқпыз. Басқа қалаларда НұрОтан партиясы беретін бір реттік 50 мың теңге көлеміндегі көмек бар екен. Бірақ неге екенін білмедім, біздің Шахтинск қаласында бұл көмек берілмеді, - дейді Г.Жүзжасарова.

Көпбалалы ана елдегі жағдайдың реттелуін, төтенше жағдайдың тезірек аяқталуын тілейді.

Алладан осы індет тез жоғалып кетсе екен, балаларымыз жазғы демаластарын ағайын-туыстармен сыртта, ауылда өткізсе екен деп тілеймін, - дейді ана.

Еске салайық, 24 cәуірдегі мәлімет бойынша, Қарағанды облысында коронавирус індетін жұқтырудың 108 жағдайы тіркелген. Індетке шалдыққандардың жетеуі Шахтинск қаласынан. Облыс бойынша Covid-19 індетінен жазылып шыққан науқастардың саны 34 адамға жетті. Оның біреуі Шахтинск қаласынан.

Өзгелердің жаңалығы