Минaб қаласындағы әуе шабуылынан зардап шеккен «Шаджаре Тайебе» мектебі енді қайтадан білім ошағы болмайды. Ғимаратта қаза тапқан балалардың суреттері қойылып, мектепті соғыс музейі мен мемориалға айналдыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
APnews хабарлағандай, Иранның оңтүстігіндегі Минaб қаласында орналасқан «Шаджаре Тайебе» мектебі соғыстың алғашқы күндеріндегі шабуылдардың бірінде қираған еді. Иран билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан 100-ден астам оқушы қаза тапқан.
Бүгінде мектептің ашық көк түсті қақпасы бұрынғы күйінде сақталғанымен, ғимараттың ішіндегі көрініс мүлде өзгерген. Кіреберісте қаза тапқан балалардың суреттері ілініп, олардың туған күндері мен күнделікті өмірінен алынған фотосуреттер қойылған.
Associated Press агенттігінің тілшілері барған кезде екі қабатты мектеп ғимараты қатты қирағаны анықталған. Кей сынып бөлмелерінде парталар үйінді астында қалып, төбелері опырылып түскен.
Мектеп қирандыларын тарихи естелік ретінде сақтау туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Хормозган провинциясының губернаторы Мұхаммед Ашури Тазиани ғимараттың соғыс музейі мен мемориалға айналатынын мәлімдеді.
Шабуылдан қаза тапқандардың бір бөлігі Минaб қаласындағы зиратқа жерленген. Зираттың арнайы бөлігі мектептегі шабуыл құрбандарына арналған. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, үш адамның денесі әлі күнге дейін табылған жоқ.