Балалар ел ішінде тегін ұшу үшін не істеу керек?

15 Қаңтар 2024, 10:30
1841
Бөлісу:
Балалар ел ішінде тегін ұшу үшін не істеу керек?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстанда «Kids Go Free» бағдарламасы іске қосылып, балалар ел ішінде тегін  ұша алады, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Осыған дейін бағдарламаны тиімді пайдаланып, 3406 бала ел ішінде тегін ұшқан. Ал жалпы берілген өтініштер бойынша 166 млн теңге төленеді. Өткен жылғы жағдай бойынша балалардың әуе билеттерін өтеуге 1 612 өтініш берілген. Бағдарлама қалай жұмыс істейді, билет сатып аларда нені білу керек, саралап көрелік.

Бағдарлама шарты қандай?

Бағдарламаға қатысу үшін бірнеше шарт көрсетілген. Ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болу керек. Сондай-ақ бұл 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға жарамды. Сапар барысында балалар тек ата-аналарының, ата-әжелерінің және т. б. сүйемелдеуімен ұша алады. 

Ең басты шарты – билет туристік фирмалар арқылы сатылып алынуы керек. Яғни туристік жолдама ішкі туризмге лицензиясы бар туроператордан сатып алынуы тиіс. Сонда жолдама бағасына балалар әуебилетінің ақысы қосылмайды. Және туристік пакетте қонақүйге орналастыру қызметтері болуы керек. Бұл сол жолдама құнына кіреді.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Алдымен төмендегі тізімдегі туроператордың біріне жүгіну керек. Толық тізімді арнайы сайт (https://kids.gofree.kz) арқылы көруге болады. Содан соң Қазақстан бойынша демалыс жолдамасын таңдап, балаларға авиабилеттер құнын төлемей оны сатып алуға болады.

Туроператорлар төлемді қалай қайтара алады?

Туристердің демалу мерзімі аяқталғаннан соң "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-ға ұсыну үшін құжаттар пакетін жасақтау керек. Субсидия алуға өтінімді ресімдеп, оны компания мекенжайына қағаз немесе электрондық нысанда жіберу қажет. 

Келіп түскен өтініштер 2 жұмыс күнінде қаралады. Егер құжаттар түгел емес болған жағдайда ұйым жазбаша туроператорға хат жолдайды. Оператор жоқ құжаттарды түгелдеп, қайта жолдауға құқылы. Егер құжат түгел болса ұйым 10 жұмыс күні ішінде ақшаны қайтару туралы шешім қабылдайды. 

Өзгелердің жаңалығы